«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына 32 млрд айыппұл салынды

Сымбат Сатыбалдина

"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-на 32 млрд айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Ulysmedia.kz коллажы

ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТАР

Маңғыстау облысының прокуратурасы “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ-ның қызметінде ағынды суларды жер қойнауына жіберу, сондай-ақ тиісті шектеу орнатпай бұрғылау қалдықтарын жинақтаумен байланысты өрескел заң бұзушылықтар анықтады. 

Прокурорлармен қолданылған шаралардың нәтижесінде, соттың 2024 жылдың 4 желтоқсандағы қаулысымен компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 31 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Сот актісі заңды күшіне енді.

ҚОРШАҒАН ОРТА ЛАСТАНДЫ

Сондай-ақ, мұнай жылыту пештерінен қоршаған ортаға ластаушы заттардың шамадан тыс шығарылу фактісі де анықталды. Бұл дерек бойынша былтыр 11 желтоқсанда компания қосымша әкімшілік жауапқа тартылып, 1,2 миллиард теңге айыппұл салынды.

БҰҒАН ДЕЙІН

12 қаңтарда «Бозащы мұнай» компаниясы бірнеше айға созылған өрт үшін мемлекетке келеген 2 млрд теңге көлеміндегі экономикалық шығынды өтейтінін хабарлаған едік. Бұл туралы Маңғыстау облыстық прокуратурасы мәлімдеді.

“Маңғыстау облысының табиғат қорғау прокурорлары жер қойнауын пайдаланушы – «БузачиНефть» ЖШС газды жағу салдарынан мемлекетке келтірілген 2,2 миллиард теңге көлеміндегі экономикалық залалды өтеуіне шаралар қабылдады”, деп жазды Маңғыстау облысының прокуратурасы.

Ал 2023 жылы маусым айының басында «Қаратұрын Оңтүстік» кен орнында ұңғыма бұрғылау кезінде газ-су қоспасы атқылап, одан әрі өртке ұласқан. Бұл апатты жоюға алты айға жуық уақыт кетті.