Ешкімнен үй сұраған жоқпын, өз күшіммен шығам – Қаржаубай Нұрымов

Сырым Қаржас

Талғардағы отбасыға меценеттар үй алып беретіні хабарланған. Ulysmedia.kz тілшісі Қаржаубай Нұрымовпен сөйлесіп, үй мәселесі қалай реттеліп жатқанын сұрап білді.

Ulysmedia коллажы

КЕЙІНГІ МӘЛІМЕТТЕР

Қаржаубай Нұрымовқа меценаттардың қолдауымен баспана алынып жатыр. Бұған дейін осы ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Қаржаубай Нұрымов бұдан хабардар екен. Алайда баспана мәселесін өз күшіммен де шешуге қауқарлымын дейді.

Бұйырса енді, қазір емес – көшеміз. Ешкімнен үй сұраған жоқпын. “Береміз” дегендер көп. Нақты берген адам жоқ. Өз күшіммен кететін шығармын. Солай айтты (үй алып береміз) деді. Көреміз, – дейді ол.

ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ

Талғарда былтыр 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен наразылықтарын жеткізген. 

Кейін Шерзаттың әкесі мен әпкесі 15 күнге қамалғаны белгілі болды.

12 желтоқсанда Нұрымовқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған еді.

25 желтоқсан күні кешке адвокаттар Қаржаубай Нұрымовты отбасымен уақыт өткізіп, демалғысы келетінін айтып, уақытша ұстау абақтысынан алып кеткен.

НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ

Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.