Алматыдағы Әуезов театрын адам көре алмайтындай қоршап қойған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тикток қолданушысы видео жариялап, онда театр адам көре алмайтындай қоршалып қойғанын айтады.
Реконструкция бола ма екен, әлде басқа нәрсе сала ма? Жалпы бұл аймақ ұзақ уақытқа жабыла ма?, дейді видео авторы.
Желі қолданушылары театрдың орнына тұрғын үй кешені немесе сауда үйі салынады деп топшылай бастаған. Кейбірі тарихи театр сүріледі деп те болжаған.
РЕКОНСТРУКЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫ
Алайда тарихи театр сүрілмейді және оның орнына ешқандай ғимарат салынбайды. Ғимаратта реконструкция жұмыстары жүргізілмек.
Былтыр қарашада Мәдениет және ақпарат министрлігі тарихи театрларды қалпына келтіру және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілетінін хабарлаған болатын. Соның ішінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры да бар.
ТАРИХИ ҒИМАРАТ
Театр ғимараты салынғаннан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Инженерлік желілері мен материалдық-техникалық базасы тозғандықтан өрт қаупі жоғары. Ғимарат реконструкциясы театрдың тарихи келбетін сақтай отырып жүргізіледі. Өйткені ғимарат жергілікті маңызы бар мәдени ескерткіш мәртебесіне ие.
ТАҒЫ ҚАНДАЙ ТЕАТРЛАРДА ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРЕДІ
Сонымен қатар, демеушілер қаражатымен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ғимаратында ішкі жөндеу жұмыстары, Наталия Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрында, Республикалық академиялық неміс драма театрында жөндеу жұмыстары жүрмек.
Одан бөлек, 2025 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратына сараптама жүргізіледі.