Туризм немесе медицина - қазақстандықтардың қай сала бойынша шағымы көп

Сымбат Сатыбалдина

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің (ТҚҚК) мәліметінше, 2024 жылы қазақстандықтар әр сала бойынша 62 мыңнан астам шағым түсірген, бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 20%-ға көп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

2024 жылы ведомство ауқымды әлеуметтік зерттеулер жүргізген. 

Бұл сауалнамалар тұтынушыларды толғандыратын негізгі мәселелерді анықтауға көмектесті. Респонденттердің көбі көлік саласына 64%), туризм саласында (52,6%), денсаулық сақтау жүйесінде (41%) және қаржылық қызметтер бойынша (36%) шағымданған, – деп түсіндірді комитеттің баспасөз қызметі.

ТАҒЫ ҚАНДАЙ ШАҒЫМДАР ТІРКЕЛДІ

Негізгі шағымдар сондай-ақ бөлшек сауда (37,5%), электрон коммерция (23,2%) және тұрмыстық қызметтерге (8,8%) қатысты болды. Шағымдардың көбеюі экономикадағы жүйелі мәселелерді де, азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуын да көрсетеді, себебі азаматтар өз құқықтарын белсенді түрде қорғай бастаған. 

Электрондық сауда да ең проблемалы салалардың бірі. 2024 жылы тұтынушылардың барлық шағымының 23,2%-ы осы салаға қатысты болған. Азаматтардың негізгі шағымдары сатушылар туралы ақпараттың болмауы, тауарлардың сипаттамаға сәйкес келмеуі және ақшаны қайтарудан бас тартумен байланысты.

Ең алаңдататын жайт – қолдану мерзімі өткен өнімдердің анықталуы. Тексеріс нәтижелері бойынша, 10 өнімнің біреуінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен болып шықты. Оның үстіне өнімдер арнайы емес, кездейсоқ сатып алынған және бұл жағдай Қазақстанның барлық аймағында тіркелген. Мерзімі өткен өнімдер арасында ең жиі сүт және ет өнімдері, сусындар мен кондитерлік тауарлар кездескен.