Ақтөбеде тұрғындардың кепілге алынуы: екі адам қаза болды

Сымбат Сатыбалдина

Ақтөбеде қаскүнем кепілге алған екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 24.KZ телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, жалпы үш адам зардап шеккен: 75 жастағы ер адам, 67 жастағы әйел адам мен олардың қызы. Қыздың ата-анасы қайтыс болды. Олардың біреуі ауруханаға барар жолда, біреуі ота жасау кезінде қайтыс болған. Зардап шеккен қыздың жағдайы тұрақты ауыр. 

БҰҒАН ДЕЙІН 

Ақтөбе облысының полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіпов тұрғындарды кепілге алған адам ұсталғанын хабарлады. 

МӘН-ЖАЙ

Әлеуметтік желіде Ақтөбедегі Мәскеу ауданындағы 1905 жыл көшесінде белгісіз біреулер адамдарды қорада кепілге алғаны туралы хабар тарай бастады. Бұл алдын ала болжам. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға жеке тұрғын үйде болып жатыр. 

Куәгерлердің айтуынша, үйге қаскүнем кіріп кеткен, бірақ оны қазір кепілде отырған үй иелері ұстап алған. Оқиға орнына барлық жедел әрекет ету күштері жіберілді: полиция, өрт сөндірушілер және дәрігерлер. Үйге жақын аймақты құқық қорғау органдары қоршауға алды, дейді видео авторы. 

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. 

102 пультіне белгісіз біреудің жеке үйге басып кіріп, қызды кепілге алғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына барлық төтенше жағдай қызметі жедел жетіп, аумақ қоршауға алынды. Оқиға орнында полиция бөлімінің бастығы мен қала прокуроры жүр, қазір келіссөздер жүріп жатыр, дейді полицейлер.