Ақтаудағы ұшақ апаты: Ресей қара жәшіктегі ақпараттар туралы айтты

Сымбат Сатыбалдина

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуе компаниясы ұшағының “қара жәшіктерінен” алынған ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ulysmedia.kz коллажы

"ҚЫЗЫҚ МӘЛІМЕТТЕР БАР"

Лавровтың айтуынша, ұшақтағы жазбаларда “қызық мәліметтер” анықталған. Оның сөзінше, кейбір деректер бұған дейін БАҚ-та тараған апат туралы мәлімдемелерді растамайды. Алайда нақты қандай ақпарат бар екені ашып айтылмады.

— Бразилияда арнайы кездесу өтті, “қара жәшіктер” ашылды. Олардың мазмұны біраз маңызды мәліметтер берді. Толыққанды тергеу нәтижесін күту керек, ақпарат кеңістігінде жағдайды ушықтырудың қажеті жоқ, – деді Лавров баспасөз конференциясында.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бразилия Қазақстанға қара жәшікті зерттеу қорытындысын бергені белгілі болған еді. Себебі Бразилияда Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін талдау аяқталған. 

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, Бразилияның әуе күштері Embraer ұшағының қара жәшіктерін талдауды аяқтап, материалдарды Қазақстанға жіберген.
Материалды Бразилияның үш тергеушісі, сондай-ақ Әзербайжан мен Ресейдің агенттері талдаған.

Апатты талдауға және тергеуге жауапты мекеме қара жәшіктегі материалдарды қазақстандық авиациялық апаттарды тергеу органына жіберді және апат туралы қорытынды есеп жарияланады.

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап38 адам қаза тапты.

Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.