18 көліктің соқтығысуы: тұрғын жол апаты туралы қалғандарына ескертіп үлгерген

Сымбат Сатыбалдина

Алматы облысында сұмдық жол апаты болды. Өңірдегі Алматы-Өскемен тасжолында 18 көлік бір-біріне соғылған. Алайда жүргізушілердің бірі жолға шығып, жол апаты туралы ескертіп үлгерген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видео кадры

Видео әлеуметтік желіде пайда болды. Роликте ер адам жолға шығып, жүргізушілерге жол апаты болуы мүмкін дегендей ескерту жасаған. 

 – Бүгін Қапшағай трассасында ондаған көлік жол апатына түсті. Мына адам бірнеше шақырым алға шығып кетіп, жүргізушілерге ескерту жасап тұрды. Көп рақмет, дейді видео авторы. 

МӘН-ЖАЙ

Оқиға 15 қаңтар күні сағат 07:30 шамасында «Алматы – Өскемен» автожолының 28-шақырымында («Алматы – Қонаев» бағыты) болған. Трассада 18 көлік жол апатына түскен. Жол апаты қалың тұман кезінде болған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, апатқа жүргізушілердің шектеулі көріну жағдайында жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауы себеп болған.

“ҚазАвтоЖолдың” мәліметінше, оқиға болған жол учаскесі IА техникалық санатына жатады, алты қозғалыс жолағы бар. Жол беті құрғақ, ақаулар мен бөгде заттар болмаған. Апат салдарынан зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

ЖОЛ АШЫЛДЫ

Қазіргі таңда Алматы-Өскемен автожолының учаскесінде қозғалыс ашық. Жол-көлік оқиғасынан кейін жол қызметі жолдың бойын тазалап өтті.