Ақтөбе облысында кепілге алынып, аман қалған 40 жастағы әйел есін жиды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Диапазонға сілтеме жасап.
Зардап шеккен 40 жастағы әйел облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесінде жатыр. Алайда ол ата-анасының қайтыс болғанын әлі білмейді.
МӘН-ЖАЙ
Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсат Оразжановтың айтуынша, зардап шеккен науқасқа бас жарақаты және ми шайқалуы диагнозы қойылған. Бірнеше дәрігер тобы ем жүргізіп жатқанымен, науқас әлі де бақылауда.
Қазіргі уақытта оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ол есін біледі, сұрақтарға жауап береді. Бүгін ол болған жағдай туралы сұрады. Ата-анасының қайтыс болғанын әлі білмейді. Не болғанын түсінгісі келеді. Біз бұл ақпаратты әзірге хабарламай, оның денсаулығына көбірек көңіл бөліп отырмыз, – деді дәрігер.
Зардап шеккен әйелге төсектен тұруға және жүруге болмайды. Психологтар күн сайын онымен жұмыс істейді, ал әйелге тәулік бойы бақылау жүргізіліп жатыр.
БҰҒАН ДЕЙІН
14 қаңтарға қараған түні Ақтбеде белгісіз біреу бір отбасының үйіне басып кіріп, үш адамды кепілде ұстаған болатын. Оқиға орнына жедел түрде полиция, жедел жәрдем қызметкерлері мен құтқарушылар келіп, аймақ қоршауға алынды.
КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
Артынша Ақтөбе облысының полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіпов адамдарды кепілде ұстаған қаскүнем ұсталғанын хабарлады.
ЕКІ АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ
Оқыс оқиғадан жалпы үш адам зардап шеккен: 75 жастағы ер адам, 67 жастағы әйел адам мен олардың қызы. Қыздың ата-анасы қайтыс болды. Олардың біреуі ауруханаға барар жолда, біреуі ота жасау кезінде қайтыс болған.