Шерзат Полаттың әпкесі Бақыт Реимова Жоғарғы сот мақұлдаса Қазақстанда қалуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Реимованың қорғаушысы Мейірман Шекеев хабарлады.
- Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, парламент депуттары, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Балалар Құқықтары жөніндегі уәкілі, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы арқылы түсірген өтінішхаттарымыз облыс прокуратурасымен назарға алынып, Бақыт Реймоваға қатысты Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберумен байланысты емес жаза қолдану үшін, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына кассациялық наразылық келтіру туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына ұсыныс жолданды. Енді прокуратураның наразылығын Жоғарғы соттың шегелеуі ғана қалды, дейді адвокат.
ҰЛЫНЫҢ ҮНДЕУІ
Желтоқсанда Шерзат Полаттың әпкесі Бақыт Реимова бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасынан кейін 15 тәулікке қамалған болатын. Артынша оның ұлы Мейірбек Реимов жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді.
Бақыт Реимованы полиция ағасы Қаржаубай Нұрымовпен қатар 15 тәулікке қамаған. Сонымен қатар, Реимованы сот Қазақстаннан депортациялау жөнінде шешім шығарған. Бұған дейін адвокат Асқар Қаймақов полиция Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық кодекстің 202-бабы (“бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлім еткен. Ақпаратты кейін полиция растады.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.