Өзбекстан депутаттары айыппұл мөлшерін азайтатын заңды мақұлдады

Сырым Қаржас

Өзбекстанда депутаттар қоғамдық көліктерге арналған жолақтармен жүретін көлік иелеріне салынатын айыппұлдардың ұсынылған мөлшерін азайтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы gazeta.uz басылымына сілтеме жасап.

gazeta.uz

ЗАҢ СЕНАТҚА БАҒЫТТАЛҒАН

Өзбекстан билігі қоғамдық көліктер мен арнайы көліктерге (жедел жәрдем, өрт сөндіру есептері) арналған жолақтар бойынша қарапайым автокөліктер жүрген жағдайда айыппұлдар енгізеді. Олий Мәжілісінің заң шығарушы палатасы қабылдаған заң осыны көздейді.

Құжат сенатқа мақұлдауға бағытталды. Қолданыстағы жол ережелері қазірдің өзінде маршруттық көліктер үшін жолақта жүруге және тоқтауға тыйым салады. Оған бұрылу, сондай-ақ жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін үзіліссіз белгілеу сызығымен белгіленген жерде ғана кіруге болады (егер бұл қоғамдық көлік қозғалысына кедергі келтірмесе ғана). Алайда бұл ережелерді бұзғаны үшін айыппұл қарастырылмаған.

Әкімшілік кодекске қоғамдық көлік үшін бөлінген жолақтар бойынша қозғалыс ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілейтін ережелер енгізіледі.

ДЕПУТАТТАР ҰСЫНЫСЫ

Әкімшілік кодекстің ұсынылған жаңа 128-7-бабында бастапқыда базалық есептік шаманың 3 еселенген мөлшерде (1,125 млн сум), бір жыл ішінде қайта ереже бұзған жағдайда 5 еселенген (1,875 млн сум) мөлшерде айыппұл салу көзделген. Осы баптың үшінші бөлігінде, егер жүргізуші іргелес аумақтан шығып, бөлінген жолақты жүріп өтіп, жол бойындағы көлік құралдарына жол бермесе, 1 еселенген (375 мың сум) айыппұл салу ұсынылған.

Алайда депутат Ұлықбек Қабыловтың айтуынша, айыппұл сомасын төмендету туралы шешім қабылданған (қаншаға төмендетілгені отырыста айтылмады), ал баптың үшінші бөлігі алынып тасталды. Өйткені бұл норма жол жүру ережесінде қарастырылмаған және іс жүзінде дау туғызуы мүмкін.

Парламентарий Нью-Йорк штатында (АҚШ) бөлінген жолақпен жүргені үшін айыппұл сомасы 50-ден 250 долларға дейін, Францияда 35-тен 135 еуроға дейін, Германияда 135 еуроға дейін, Беларусьте 12 және 24 долларды құрайтынын атап өткен.