Әнші Ерке Есмаханның 50 мыңнан сатқан алтын әшекейі қарайып жатыр. Есмаханның өзі әлеуметтік желіде тараған видеоларға қатысты жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
50 МЫҢ ТЕҢГЕЛІК ӘШЕКЕЙ
Әнші Ерке Есмахан былтыр 25 қарашада жаңа әшекей бұйым жасап шыққанын, оны қыздар “ырымдап” сатып ала алатынын хабарлаған болатын. Әшекейдің құны 50 мың болған.
- Әр әйелдің бақытын құрайтын денсаулық, отбасы, сәби сүю, карьера, сұлулық және байлық - бәрі бірікті. Әдемі туынды дүниеге келді. Еркенің бренді сіздерге сәттілік алып келсін, бағы жұғысты болсын. Шын жүректен тіледім, деді Ерке.
TIKTOK-ТАҒЫ ДАУ
Алайда қазақстандық арулар алтын деп сатып алған әшекейлері аз уақыттың ішінде қарая бастағанын жазып, TikTok-та видео жариялай бастаған.
- Кимей жатып қарайып кеткен сотуар. Оның орнына 50 мың теңгеге алтын алу керек еді.
- Жаңа жылға өзіме жасаған сыйлығым еді. 1 апта тақпадым. Қап-қара болып шыға келді. Менеджерлері “күміс, сырты алтын” деп бой бермей отыр. Кім ақымақ?! – дейді әшекейді сатып алған арулар.
ЕРКЕ НЕ ДЕЙДІ
Бұл видеоларға қатысты әншінің өзі Instagram-stories-те ақталған. Ол әшекейдің сапасына өзінің де көңілі толмағанын айтады.
- “Ерке сотуар” менің идеям. Менің жүрегімнен шыққан туынды. Бірақ сапасы жағы көңілімді түсірді. Өзім шоктамын. Кей сотуарлар өңін өзгертіп жатыр екен. Неше күннен бері командамен мұның себебін зерттеп жатырмыз, дейді Ерке.
Әншінің сөзінше, әшекейдің қарайып кетуінің екі себебі болуы мүмкін.
- Шебер жүз пайыз қолдан шыққан бұл бұйым болғандықтан кейбіреулерінде брак бар деп мойындап тұр. Екінші себеп: күміске алтын жалатылғандықтан тағушының денсаулығында сыр болса бұйым өңін өзгертеді дейді шебер. Күміс – емдік металл! Мұны да естен шығармайық, дейді Ерке.
Ерке осының бәрін қадағаламағандықтан кінә өзінен және командасының мойнында екенін айтып отыр.
- Қазақ шеберлері барлық бұйымдарды мінсіз жасап беретініне сендім, бірақ made in Kazakhstan енді, қайтемін! Ондай ондай болады біздің елде, – дейді әнші.
Ерке Есмахан сотуары қарайған қыздар оның командасына жүгініп, мәселені шеше алатынын жеткізді.