Ауыл шаруашылығы және Сауда министрлігі өкілдері үкіметтің кулуарында картоптың неге қымбаттағаны және Қазақстанда бағаның тағы көтерілуі мүмкін бе деген мәселелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КАРТОП НЕГЕ ҚЫМБАТТАП КЕТТІ
Сауда және интеграция министрлігінің сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев картоптың қымбаттауына – Ресейдегі жағдай мен экспорт себеп болғанын айтты.
Оның сөзінше, егер 2023 жылы шамамен 400 мың тонна картоп экспортталған болса, 2025 жылы бұл көлем 600 мың тоннаға дейін өскен. Соған қарамастан, Жәутікбаевтың айтуынша, «картоп жеткілікті».
– Бүгінгі таңда картоп барлық желіде бар. Біз картоптың болуын үнемі бақылап отырмыз. Қазіргі жағдайға Ресейде картоп өндірісінің көлемі 15%-ға азаюы себеп болып отыр. Сонымен қатар, картоп экспортының көп болуына байланысты біз Қырғызстаннан импорттадық, бірақ Қырғызстан өз экспортының басым бөлігін Өзбекстанға бағыттап отыр, өйткені ол жақта сұраныс жоғары. Бірақ сіздер мынаны түсінулеріңіз: ауыл шаруашылығы өндірушілері картоп өсіріп, тәуекел жасап жатады, олар да табыс табуы тиіс, сондықтан экспорттайды. Біз бұл жағдайды реттеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Павлодар және Қарағанды облыстарында біздің жергілікті әкімдіктер тауар өндірушілермен бағаны өсірмеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, – деп түсіндірді Жәутікбаев.
ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУДА МА
Қазақстан бойынша картоптың орташа бағасы – 322 теңге. Жәутікбаевтың өзі кеше ғана картопты 430 теңгеге сатып алғанын айтты. Дегенмен, ол жағдай бақылауда деп сендірді.
БАҒА КӨТЕРІЛМЕЙДІ
Ауыл шаруашылығы министрлігі егін шаруашылығы департаментінің директоры Назгүл Хатепова картоп өндірісіне тікелей субсидия жоқ екенін, бірақ өндірістік шығындарға субсидия берілетінін айтты: бұл тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер және тағы басқалары бар.
Сауда министрлігінде тұрақтандыру қорларында картоптың бар екенін атап өтті. Қазақстан бойынша 62 мың тонна қор бар, олар әлеуметтік дүкендер арқылы орта есеппен 130 теңгеден сатылып жатыр.
– Қазір біз жүргізіп жатқан тауар интервенцияларында ешқандай ерекше жағдай жоқ. Бұл жұмыс желтоқсанның ортасынан бері жүргізіліп келе жатыр. Дәстүрлі түрде, қысқы және көктемгі кезеңде тауар интервенциялары апта сайын жүргізіледі. Бұл жұмыс үздіксіз жүріп жатыр. Көктемге дейін жалғасады. Кей жерлерде бағаның өсуі байқалады. Мысалы, кеше баға 433 теңге болды, ал бүгін 280 теңге. Бұл жұмыстың жүргізіліп жатқанын көрсетеді және бағаның одан әрі өсуіне ешқандай негіз жоқ, – деп сендірді Хатепова.
ЭКСПОРТҚА ТЫЙЫМ
Соңғы мәліметтер бойынша, бағаның өсуіне байланысты картоп экспортына тыйым салу туралы шешім қабылданды. Дегенмен, Сауда министрлігі өкілі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне картоп экспорттауға тыйым сала алмайтынын айтқан. Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Назгүл Хатепова ішкі нарықтағы баға тұрақтанғаннан кейін бұл тыйым алынатынын жеткізді.