Ақтөбеде 9 млн теңгеге бүйрегін сатпақ болған жігіт сотталды

Сырым Қаржас

2024 жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысының тұрғыны бүйрегін 9 млн теңгеге заңсыз сатқысы келген. Сол үшін заңға тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Depositphotos

Сотталушы бүйрегін сататыны жөнінде хабарландыру жариялаған. Оны көрген бір әйел полицияға хабар берген. Ақша алған кезінде ол ұсталған. 

Сотта ер адам өз кінәсін мойындады. Бұған дейін көп қарызына байланысты органын сатқысы келетінін айтқан, деп жазады "Мой город".

Сот сотталушының өкінгенін, жас балалары бар екенін ескеріп, шартты түрде 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұл елдегі жалғыз жарым жағдай емес. Қазақстанда бүйрегін сатқысы келетіндер жетеді. Негізгі себеп - ақшаның жоқтығы, қарыздар. Демек, «адам денесі (егер дені сау болса) бөлшектеп сатсаң, шамамен 1 миллион доллар тұрады» деген әңгімелер – жай ғана аңыз емес. Адамдар бұл туралы тек айтып қоймай, оны жүзеге асыруға да тырысып жатыр. Алайда Қазақстанда өзін «ақшаға айналдыру» – өте қауіпті іс. Мұндай әрекетке баратындар үшін қылмыстық кодекстің «прейскуранты» бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ulysmedia.kz бүйректі сату қанша тұратынын және заң алдында қандай жауапкершілік барын анықтап көрген еді.