21 қаңтарда 1 млрд теңге жымқырды деп күдікке ілінген Астана мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажағұловқа қатысты сот жарыссөзі өтпей қалды. Адвокаттар судья істі бір жақты қарап жатыр деп айыптап, жарыссөзді әзірге қоя тұрып, сот процесіне қайта оралуды талап етті.
Сарапшылар мен куәгерлерден жауап алу үшін бір күн бойы қорғаушылар мен айыпталушы тараптың арасында дау болды. Кімнің даусы басым шыққанын Ulysmedia.kz тілшісі тыңдап көрді.
ПРОЦЕСТІ ҰЗАРТУДЫҢ АМАЛЫ
Сот отырысы кезінде айыптаушы тарап Мажағұловтың адвокаттары сот процесін созып отырғанын айтады. Олар жарыссөздің орнына сот тергеуіне қайтадан оралу керегін талап еткен болатын. Сөзінше, судья істі бір жақты қарап, айыпталушы тараптың бірнеше өтінішін қараусыз қалдырған.
Ал судья оларға өтінішін қайтадан айтуға мүмкіндік берген кезде айыпталушы тарап куәгерлер мен арнайы мамандардан жауап алуды сұрады.
Біз экономикалық қорытынды берген, бірақ заңгерлік білімі бар Гумаров деген маманды тағы да тергеу керек деп санаймыз. Қорытындыға сәйкес, оған фонтан құрылысында тартылған мердігер ұйымдардың бастапқы құжаттары ұсынылмаған, керісінше, бұл іске қатысы жоқ ұйымдардың құжаттары ұсынылған. Ол маман жалған қорытынды беріп, қаражаттың қытайлық компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылғанын мәлімдеді, бірақ сол қытайлық компаниялардың бастапқы құжаттары зерттелмеген, – дейді Мажағұловтың өкілі.
Сонымен қатар, Мажағұловтың өкілдері «Ансар ADB» компаниясының бухгалтерінен және логистикалық компанияның директорынан жауап алуды талап етті. Олар субұрқаққа қажет болған құрылғыларды Қытайдан алдырған компания.
АЙҒАЙ
Осылайша үш өтінішті қанағаттандыру туралы шешім жарты күн бойы қарастырылып, тараптар қызу дебатқа кірісіп кеткендей болды. Прокурор қосымша куәгерлерден жауап алудың қажеті жоқ екенін, себебі олар бұған дейін бірнеше сұраққа жауап бергенін айтты.
Бұл Мажағұловтың адвокаттарына ұнамады. Олар куәгерлерге сұрақтар дұрыс қойылмағанын, ал тауарға сараптама жасаған маманның жасаған қорытындысы күмәнді екенін айтты. Олардың сөзінше, мәселе сарапшы маманның заңгерлік біліміне қатысты емес, керісінше, ол зерттеген құжаттар субұрқақтың құрылысына қатысы жоқ болып шыққан-мыс.
Адвокаттар ұзақ сөйлеп қана қоймай, дауыстары да қатты шығып кетті. Прокурор оларға жайырақ сөйлеуін сұрады.
Бірақ Мажағұловтың адвокаттары қанша айғайлап сөз сөйлегенімен судья олардың үш өтінішін де қанағаттандырмады.
МАЖАҒҰЛОВҚА ТӨТЕСІНЕН ҚОЙЫЛҒАН СҰРАҚ
Күні кеше өткен сот отырысында прокурор процеске қатысушыларға жаңа айыптау қорытындысының көшірмелерін таратып шықты да Мажағұловқа тіке сұрақ қойды:
Сот талқылауы барысында сіз шетелге, оның ішінде Қытайға бармадым деп айттыңыз. Бірақ ҰҚК мәліметтері бойынша, сіз 2016 жылы Бейжіңге барып келгенсіз. Мұны не деп түсіндіресіз?
Мажағұлов прокурордың бұл сұрағына жауап бере алмады.