Соғыс болса бірінші кетеді: Қазақ армиясында жаңа қосын пайда болады

Аян Өрібай

Мәжілісте әскери резервтегі қызметті заңдастыратын заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ЗАҢ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ

Депутат Ермұрат Бапи заң жобасы резервтегі қызмет мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеп, әскерге жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттілігіне байланысты туындағанын айтады. Заңнамалық актілерге енгізу үшін әзірленген түзетулер әскери бөлімдерді дайындалған кадрлармен толықтырып, жауынгерлік іс-қимылдарға дайын резервтік күштерді құруға мүмкіндік береді. Әскери қызметтің бұл түрін енгізу бейбіт уақытта Қарулы күштердің санын көбейтпей, қойылған міндеттерді орындауға дайын азаматтардың бір бөлігін дайындауға мүмкіндік береді.

Заң жобасын қарау барысында мәжілісінің депутаттары 100-ге жуық (оның ішінде 6 кодекс пен 14 заңға) түзету енгізген.

НЕГІЗГІ НОВЕЛЛАЛАР

Заң жобасының негізгі новеллалары: әскери қызметтің жаңа түрін енгізеді. Оның атауы - «резервтегі әскери қызмет» және әскери қызметшінің жаңа санаты - «резервте әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметші», басқа сөзбен айтқанда «резервтегі әскери адам». Депутаттар резервтегі әскери қызметке кіретін адамдарға қойылатын талаптарды, олардың әскери қызмет өткеру тәртібін, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін нормаларды пысықтаған. Түзетулердің келесі блогы – ол әскери резервшілердің еңбек қатынастары мен әлеуметтік қамсыздандырылуына қатысты түзетулер.

Атап айтқанда, депутаттар түрлі ақшалай төлемдерді (әскери қызмет өткеру кезінде алған жарақаттары үшін өтемақы төлемдері, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және т. б.), заттай және азық-түлікпен қамтамасыз етуге, әскери резервистке медициналық қызмет көрсетуге, жұмыс істейтін әскери резервистің еңбек қатынастарына қатысты нормаларды ұсынды. Сонымен қатар, әскери резервшілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылуына аударымдар мен жарналарды реттейтін нормалар енгізді. Сондай-ақ, депутаттар әскери құқық бұзушылық субъектісі ретінде резервтегі әскери адамның қылмыстық жауаптылығына қатысты түзетулер енді. Одан басқа, Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның қызметін реттейтін заңнамаға осы күш құрылымдарының резервінде әскери қызмет өткеруге мүмкіндік беретін толықтырулар бар, – дейді Ермұрат Бапи.

Заң жобасы бірінші оқылымда 2024 жылдың 15 қарашасында мақұлданған.

Резервте тіркелген әскери қызметкер міндет бойынша, соғыс бола қалған жағдайда әскери комитеттерге бармай, дабыл қағылған кезде өзінің бригадасына тікелей барады.