Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.
СУЫТ ХАБАР
Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Болу провинциясында орналасқан Карталкая тау шаңғысы орталығында болған өрт салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және өзінің атынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мен жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бауырлас түрік халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
МӘН-ЖАЙЫ
Өрт Grand Kartal қонақүйінің 12-ші қабатынан жергілікті уақыт бойынша сағат 03:27-де шыққан. Кейбір деректер бойынша, қызыл жалын 11-ші қабаттан басталған. Қазір Түркияда жалпыұлттық екі апталық каникул басталды. Шаңғы маусымы қызған уақыт болғандықтан курорттағы қонақүйде 234 адам болған.
Болу губернаторы Абдулазиз Айдын алдын ала болжам бойынша өрт қонақүйдегі мейрамханадан шығып, жоғарғы қабаттарға қарай ұласқанын хабарлады. Қонақүй қаладан алы орналасқандықтан өрт шыққан кезде өртсөндірушілердің ғимарат орналасқан аймаққа жетуі қиын болған.
Құтқару операциялары таңға дейін жалғасты.
ЕКІ АДАМ ТЕРЕЗЕДЕН СЕКІРГЕН
Түрік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, кемінде екі адам қонақүйдің терезесінен секіремін деп мерт болған. Кейбір адамдар төсеніштерді бір-біріне байлап, арқан жасап, терезеден түскен.
ӨРТ ҚАЙДАН ШЫҚҚАНЫ БЕЛГІСІЗ
Әзірге өрттің нақты неден шыға бастағаны белгісіз. Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунч бұл істі зерттеуге прокуратура да кіріскенін айтқан. Түркияның президенті Режеп Тайып Ердоған қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.