Жібек жолы халқының шағымы: полиция жолды басқа жерден жабатын болды

Аян Өрібай

Астанадан 25 шақырым жерде орналасқан Жібек жолы кенті тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін ішкі істер министрлігі полиция наряды тұратын орынды өзгерту жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ІІМ ШЕШІМІ

Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті Астана қаласы мен Ақмола облысы полициясының департаменттеріне Жібек жолы кентіне барып қайтатытн көліктерге қатысты тиісті іс-шараларды жүргізуді тапсырған.

«Екатеринбург – Алматы» жолының бойында тұрақ саны, қоғамдық тамақтану бекеттері, кемпиңдер мен автожанар-жағармай стансаларының бар болуына байланысты Астанадағы «Рубеж» бекетінен Қарағанды қаласы бағытына қарай мынадай шара қабылданды: аталған бағыттағы жол жабылған жағдайда енді полиция наряды тұратын орынды аталған терминал жаққа дейін ауыстыру жөнінде шешім қабылданды, – деп хабарлайды ІІМ.

ЖІБЕК ЖОЛЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ШАҒЫМЫ

Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан Жібек жолы кентінің тұрғындары Астана-Қарағанды тас жолы жабылса, соның бойындағы – Астанадан 25 шақырым жерде орналасқан өз кентінен шыға алмай қалатынын айтып шағымданған еді. Ауыл тұрғындарының сөзіне сүйенсек, бұл проблеманың қордаланып шешімін таппай келе жатқанына бірнеше жылдан асқан. 

Трасса ауа-райына байланысты жиі жабылады. Сол кезде ауылға жетер-жетпес жерде полиция қызметкерлері тас жолға өткізбей, тексеріп тұрады. Соның әсерінен көліктер арты-артынан кептеліп, бір орында сағаттап тұрады, тіпті ауылдағылар үйлеріне жете алмай жолда қалып жатыр, – дейді кент тұрғындары.

Осының салдарынан қаладан келетіндер ауылға, ауылдағылар қалаға жете алмайды. Кептелістен жолда қалады немесе кері қайтып кетеді. Тұрғындар бұрыннан әкімдікке хат жолдап, шағымданып келеді, бірақ мәселе сол күйі шешілмеген.