Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СҮЛЕЙМЕНОВ НЕ ДЕДІ
Ұлттық банктің былтыр жүзеге асырған ақша-кредит саясатының қорытынды есебі мен 2025 жылға арналған монетарлық реттеу жоспарын баяндады;
Қазақстан экономикасы мен қаржы жүйесінің ахуалы, іскерлік белсенділік, инфляция факторлары, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру және инфляция деңгейін ортамерзімді мақсатқа сәйкес 5 пайызға жеткізу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді;
2024 жылдың қорытындысы бойынша инфляция Ұлттық банктің болжаған шегінде қалыптасқаны, яғни 8,6% пайызды құрағанын айтты;
Ұлттық қордың активтері, алтын-валюта резервтері және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жай-күйі жөнінде ақпарат берді:
валюта нарығындағы жағдай таныстырылып, теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады;
банк секторындағы жағдайдың тұрақтылығы, депозиттер базасының қалыпты өсімінің жалғасуы, сондай-ақ қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары мен макропруденциялық саясаттың тиімділігін арттыру жоспары жөнінде айтты;
Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту нәтижелері мен Антифрод-орталығының қызметін таныстырды.
ТОҚАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫ
Мемлекет басшысы инфляцияны тежеп, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк пен Үкімет макроэкономикалық саясатты үйлесімді жүргізуі қажет екенін атап өтіп, Ұлттық банк қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.