Қазақстандағы Мамин құрған талдамалық кеңес таратылды

Сырым Қаржас

Қазақстанда Асқар Маминнің 2021 жылы премьер-министр қызметін атқарып жүргенде құрған талдамалық кеңесі таратылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото Kazpravda.kz Адильбек Тауекелов

«Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуы бойынша талдамалық кеңес құру туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 15 қазандағы № 169-ө өкімімен құрылған Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуы жөніндегі талдамалық кеңес таратылсын», - делінген Премьер-Министр Олжас Бектеновтың 22 қаңтардағы өкімінде.

Еске сала кетсек, Мамин 2019 жылдың ақпанынан 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін премьер-министр қызметін атқарды және Қаңтар оқиғасына байланысты министрлер кабинетінің басшысы қызметінен босатылды, ал таратылған кеңесті құрудың түпкілікті мақсаттары ЕАЭО-да Қазақстанның ұлттық экономикалық мүдделерін белсенді қорғау және ілгерілету болған-ды.

ЕАЭО-дағы Қазақстанның «мүдделерін қорғау» төңірегінде қалыптасқан жағдайды, әсіресе, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің бұған дейін айтқан уәждеріне байланысты қалыптасқан қатаң сынды ескерсек, таратылған кеңес өз мақсатына жете алмаған болуы әбден мүмкін.