Бизнесвумен, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова Қазақстан үкіметінің ҚҚС ставкасын 20 пайызға дейін көтеру туралы ұсынысына үн қатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Жанар Сүлейменова ҚҚС мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеру мәселесі Премьер-Министр Олжас Бектенов экономика саласының сарапшыларымен кездесуінде талқыланғанын растады.
– Кеше Премьер-Министр Бектенов Қазақстанның экономика саласының сарапшыларымен кеңес өткізді. Осы отырыста біздің үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеру және ҚҚС бойынша тіркеу лимитін 15 миллион теңгеге дейін төмендету туралы ұсыныстар айтылды. Яғни, шағын және орта бизнестің барлығы дерлік ҚҚС-қа көшуі керек, – деді ол.
ТҮБЕГЕЙЛІ РЕФОРМА ҚАЖЕТ
Жанар Сүлейменова бұл ұсынысты сынға алып, ҚҚС мөлшерлемесі 66 пайызға өсетінін айтты. Сарапшы салық салуда мұндай күрт секірулер әлемнің ешбір жерінде болмағанын айтты.
Оның пайымдауынша, билік бюджет тапшылығымен күресудің басқа әдістерін іздеуі керек, әйтпесе Қазақстан экономикасының алға жылжуы күмән тудырады.
– Иә, бізде бюджет тапшылығы бар. Иә, бұл проблема. Бірақ оны тек салықты көтерумен шешкен дұрыс емес. Түбегейлі реформалар жасау – бюджеттің барлық баптарын қайта қарау, бюджетті секвестрлеу қажет. Ал бюджеттің 70 пайызы әлеуметтік салаға кететінін айтпасақ та, ол жақта қысқартатын нәрсе бар.
Ең бастысы, салықтық базамызды қалай өсіреміз, ол туралы ешкім айтып жатқан жоқ. Егер сіз мұны қазір жасамай, тек салықты көбейтсеңіз, онда жақын болашақта экономика қалай өспек?
ҚҚС
Еске сала кетсек, өткен жылы Қаржы министрлігі Ерұлан Жамаубаевтың жетекшілігімен ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға көтеруді ұсынған болатын.
2025 жылдың қаңтарында үкімет қосылған құн салығының (ҚҚС) ставкасын қазіргі 12%-дан 20%-ға дейін арттыру мүмкіндігін талқылап жатқаны хабарланды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев ҚҚС-ты 20 пайызға дейін көтеру туралы пікірін білдірді.