Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Қазақстанда қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 20 пайызға дейін арттыру мүмкіндігі туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Дәулет Мұқаев мұндай шешім, ең алдымен, қарапайым қазақстандық тұтынушылардың қалтасына ауыр болатынын мәлімдеді.
- Мен қарсымын. Мұның бәрі тарифтердің қымбаттауына әкеледі. Айналып келгенде қарапайым халық зардап шегеді. Ол сол 12 пайыз деңгейінде қалуы керек. 20 пайыз дегеннен кейбір банктер жүйесі көп пайда тауып отырған. Олардың несиесі де, беріп отырған пайызы да жоғары. Сол салаларда ғана керек. Барлық салада ҚҚС-ті көтеруге қарсымын. Ол қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиеді, деді ол.
ДЕПУТАТ БЕРДЕНОВ
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Қазақстанда қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру туралы ұсынысты сынға алған болатын. Депутат мұндай шешімге қарсы екенін айтып, бұл ең қате шешім болғанын айтты.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске сала кетсек, Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатқанын хабарлағанбыз.
Сондай-ақ бизнесвумен, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова Қазақстан үкіметінің ҚҚС ставкасын 20 пайызға дейін көтеру туралы ұсынысына үн қатып, бастамаға қарсылық білдірді.
Экономикалық даулар саласындағы адвокат, бұрынғы салық кеңесшісі Жангелді Сүлейманов те Үкіметтің Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) ставкасын 20 пайызға дейін көтеру идеясымен келіспейтінін жеткізді.