Премьер-министр Олжас Бектенов қосымша құн салығын көтеру керегін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
- Негізгі салықтық жүктеме еңбекақы қорының үлесіне тиеді, яғни өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Тауар сөреге түспей жатып-ақ, кәсіпкер салықтардың басым бөлігін төлеуге мәжбүр болады. Үкімет еңбекақы қорына түсетін жүктемені төмендетіп, оны сату процесіне ауыстыруды ұсынады. Бұл үшін ҚҚС мөлшерлемесін көтеріп, әлеуметтік салықты және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы төлемдерін азайту қажет. Бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, деді Бектенов үкіметтің кеңейтілген отырысында.
ДЕПУТАТТАР ҚАРСЫ
Күні кеше бірнеше депутат қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 20 пайызға дейін арттыруға қарсы шыққан болатын.
- Мен қарсымын. Мұның бәрі тарифтердің қымбаттауына әкеледі. Айналып келгенде қарапайым халық зардап шегеді. Ол сол 12 пайыз деңгейінде қалуы керек. 20 пайыз дегеннен кейбір банктер жүйесі көп пайда тауып отырған. Олардың несиесі де, беріп отырған пайызы да жоғары. Сол салаларда ғана керек. Барлық салада ҚҚС-ті көтеруге қарсымын. Ол қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиеді, деді мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Қазақстанда қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру туралы ұсынысты сынға алған болатын. Депутат мұндай шешімге қарсы екенін айтып, бұл ең қате шешім болғанын айтты.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін Қазақстанда 20%-ға дейін көбейтуге қарсы болды.
Смирнова мәжіліс кулуарында журналистің сұрағына жауап беріп, үкімет мемлекеттік бюджетті оңтайландыру үшін "министрліктерді қысқартуы" керек деп мәлімдеді.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске сала кетсек, Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатқанын хабарлағанбыз.
Сондай-ақ бизнесвумен, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова Қазақстан үкіметінің ҚҚС ставкасын 20 пайызға дейін көтеру туралы ұсынысына үн қатып, бастамаға қарсылық білдірді.
Экономикалық даулар саласындағы адвокат, бұрынғы салық кеңесшісі Жангелді Сүлейманов те Үкіметтің Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) ставкасын 20 пайызға дейін көтеру идеясымен келіспейтінін жеткізді.