Алматыда 8 жыл бұрын не үшін жұмыстан қуылғанын білмейтін полицей мұнараға шығып алған

Сымбат Сатыбалдина

Алматыда экс-полицей мұнараға шығып алып, әділдік талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КТК

МӘН-ЖАЙ

КТК мәліметінше, Алматыда бұрынғы полиция қызметкері Дәрмен Шыныбеков жоғары кернеулі мұнараға шығып, наразылық білдірді. Ол сегіз жылдан бері қандай бұйрықты бұзғаны үшін жұмыстан қуылғанын білмей жүргенін айтып, басқа амал қалмағанын жеткізді. Жанайқайын басшылыққа жеткізу үшін ол бір сағатқа жуық биік бағанада отырып, кейін өз еркімен төмен түсті. Шыныбековтің талабы – жұмыстан негізсіз шығарылғанын дәлелдеп, қызметіне қайта оралу. Сот шешімі бойынша, ол қызмет тәртібін өрескел бұзғаны үшін жұмыстан босатылған.

Күндізгі уақытта экс-полицей жоғары кернеулі бағанаға шығып, төтенше жағдай қызметкерлерін әбігерге салды. Ол ішкі істер органдарынан жұмыстан шықса да, полиция бушлатын шешпеген. Оның бұл әрекеті полиция, жедел жәрдем және құтқару қызметін аяғынан тік тұрғызды. Дәрмен Шыныбеков осы арқылы әділетсіздікке назар аудартқысы келгенін айтты. Ол бұрын қатардағы қызметкер емес, бөлім бастығының орынбасары болғанын және подполковник шеніне жеткенде заңсыз жұмыстан қуылғанын алға тартады.

ШЫНДЫҚ ҮШІН КҮРЕС

– Мен жол ережесін бұзғандарға салынған айыппұл түбіртектерін алғанмын, бірақ ол ақша бюджетке түспей қалған. Бұл үшін мені кінәлі деп тауып, жұмыстан шығарды. Алайда менің бұған қатысым жоқ. Үш рет сот болды, бірақ менің кінәм дәлелденбеді. Менде жұмыстан заңсыз қуылғанымды растайтын құжаттар бар. Сегіз жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай келемін – не министрге, не Жоғарғы сотқа жете алмадым, – дейді Дәрмен Шыныбеков.

Оның айтуынша, сол кезде айыппұл түбіртектерінен бюджетке 618 мың теңге түспей қалған, бұл жағдай оны қызметінен босатуға себеп болған. Бірақ ол жалған түбіртектер туралы мүлдем хабарсыз екенін айтады. Сондықтан істің мән-жайын қайта қарауды талап етеді және нақты қандай бұйрық негізінде жұмыстан қуылғанын білгісі келеді. Осыған қатысты сотқа бірнеше рет шағымданған, алайда оның өтініші қанағаттандырылмаған.

СОТ НЕ ДЕЙДІ

Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Шыныбековтің полиция департаментінен қызметінен босатуға негіз болған бұйрықты сұрау туралы талап-арызын қарастырды. Алайда сот оның жұмыстан шығарылу себебі 2017 жылғы 25 қыркүйекте №2 Алмалы аудандық сотының заңды күшіне енген шешімімен анықталғанын мәлімдеді. Осы себепті сот оның арызын кері қайтарды.

Сот шешіміне сәйкес, Шыныбеков қызмет тәртібін өрескел бұзғаны үшін жұмыстан қуылған. Бірақ ол ешқандай ережені бұзбағанын айтып, жұмыстан әділетсіз шығарылғанын дәлелдегісі келеді және қызметіне қайта оралуды талап етеді. Айта кетейік, ол былтыр да дәл осындай жолмен – мұнараға шығып, наразылық білдірген.