Қайрат қасыңнан табылсын деймін – Дана Нұржігіт Жұлдыз Әбдікәрімоваға жақтасты

Сырым Қаржас

Журналист әрі бұрынғы сенатор Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында актриса Жұлдыз Әбдікәрімоваға қолдау білдіріп, жазба қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДАНА НҰРЖІГІТ НЕ ДЕЙДІ

Жақында пәтерін ала алмай соттасып жүрген Жұлдыз Әбдікәрімова (әнші Қайрат Нұртастың әйелі) сұхбат берген. Соны тыңдаған Дана Нұржігіт адам ашынғанда ғана соңына дейін баратынын жазған.

Құдай саған жұмсақ жүрек, дархан көңіл, сұлулықты да берген. Енді өзің үшін, балаларың үшін жүрегіңді тас қыл, көңіліңді мұз қыл, сұлулығыңа бет қаратпайтын қатулық қос! Әділет іздеген адам осының бәрін сауыттайын киіп жүруге мәжбүр болады. Бұл-“соғыс!” Алаяқтар тайраңдап, өз төрімізді өзімізге көр қылуға дейін барады. Сыртымыздан күліп отырады. Мен де көрдім ондайды! Біреудің адал нанына таласып, біреудің баласының ауызынан дардай басымен тартып алуға арланбайтын көргенсізді. Күрес, жаным! Белді бекем бу! Ол-балаларыңның несібесі, сенің еңбегің, табан ақы, маңдай терің! Неге балаларыңмен далада қалуың керек екен?! Неге ол сенің денсаулығың, кәсібің мен берекеңді алған иттігі үшін жауап бермеуі керек?! Өтесін! Қайтарсын! Адвокатың да мықты болсын! Мен сен жақпын, жаным! Балаларымыз бірге оқиды. Нарұлдың көңілін де көріп жүрмін. Қатты уайымдайды, алаңдайды ботақан. Құдай қуат берсін саған! Не де болса, Қайрат азаматтық қайратымен, ісіңмен де, сөзімен де қасыңнан табылсын деймін. Бұл-сынақ. Бір бол! Құшақтап, сүйдім сені, сіңілім! – деп жазды Дана Нұржігіт.

ӘБДІКӘРІМОВА НЕ ҮШІН СОТТАСЫП ЖҮР

Әнші Қайрат Нұртастың жары, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова алаяқтарға алданып, пәтерінен айырылғанын бұған дейін мәлімдеген болатын. Ол бірнеше рет соттасқан. Бірнеше адамды алдады деген құрылыс компаниясының басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Жұлдыз Әбдікәрімова пәтерін қайтарып алу мақсатында аудандық, содан кейін қалалық сотқа жүгінген. Екі соттың шешімі де жәбірленушінің пайдасына шешілмей, пәтер де, құрылыс компаниясы салып беруі тиіс болған коттедж де қайтарылмаған.

Екінші тараптың да айтары бар: Астана қаласының тұрғыны әнші Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімованы жалған мәлімет таратты деген айыппен сотқа берген. Диляра Тәжімбетова Жұлдыз Әбдікәрімоваға жала жабу фактісі бойынша полицияға арыз жазғанын хабарлаған.