Тоқаев Мәскеуде өтетін Жеңіс шеруіне қатысатын болды

Сымбат Сатыбалдина

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін шеруге қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ақорда

Бұл туралы президент Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесуінде айтты. 

- Осы мүмкіндікті пайдаланып Ресей Президенті Владимир Путин сәлемімді жолдағым келеді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойлау барысында кездесеміз деп үміттенемін. Мен шақыруды қабылдадым. Біз елде осы тарихи күнмен байланысты күндері шаралар жоспарлап қойғанбыз. Бірақ ол шараларды 7-8 мамыр күндері өткізіп үлгереміз деп ойлаймын. Сол шараларды өткізе сала Мәскеуге ұшып кетемін, деді президент

БЕКТЕНОВПЕН КЕЗДЕСУ

Бүгін Астанада Олжас Бектенов пен Михаил Мишустин кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. 

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді, оның барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин арасында екіжақты сауда көлемін арттыру бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары қаралды. Өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік өнеркәсібі және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға назар аударылды.