Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева Мәскеуге қоныс аудармақ. Ulysmedia.kz сайтының дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, оның Ресейде үлкен бизнесі бар, енді Назарбаева сол жақта тұрақты тұруды жоспарлап отыр.
Әлия Назарбаева кім?
Әлия Назарбаева – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы. Әр кезде экология саласындағы бизнеспен айналысып, қоғамдық жұмыстарға араласты.
Ол Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығын басқарды және бірқатар компанияларды, соның ішінде қалдықтарды өңдеу және оны кәдеге жаратумен айналысатын компанияларға жетекшілік етті. Оның сонымен қатар AYA зергерлік бренді болған және бірқатар даму жобаларына қатысқан.
Сонымен қатар Назарбаева өзінің өмірі, рухани жол іздеуі және әкесімен қарым-қатынасы туралы әңгімелейтін «Билік мекені» кітабының авторы.
«РОП операторы» ісіне қатысы
2022 жылы Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан кейін атышулы «РОП операторы» – автокөліктер мен басқа да жабдықтарды қайта өңдеу үшін төлем жинайтын компания жойылды. Бұл құрылым миллиардтаған доллар табысқа кенелген және түрлі мәліметтерге сүйенсек, бұл компанияға да Назарбаеваның қатысы бар екені айтылады.
Қаңтар оқиғасынан кейін оның үй қызметкері Шынар Мұқтарова тергеуге алынды. Алайда Әлия Назарбаеваның өзі бұл іске ресми түрде қатысы жоқ және жауапқа тартылмаған.
Отбасылық өмір
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Назарбаева үш рет тұрмыс құрған: 1998 жылы 18 жастағы Әлия Назарбаева Қырғызстанның бұрынғы президентінің үлкен ұлы Айдар Ақаевқа күйеуге шыққан. Ерлі-зайыптылар үш жылдан кейін ажырасып кетті.
2002 жылы Әлия Назарбаева кәсіпкер Данияр Хасеновтің әйелі болды. 2015 жылы Әлия Димаш Досановпен шаңырақ көтерді. Бұл неке де сәтсіз аяқталды. Әлия Назарбаеваның төрт баласы бар.
Қаңтар оқиғасынан кейінгі өмір
2022 жылғы қаңтардағы оқиғадан кейін Назарбаевтар отбасы қоғамдық кеңістіктен іс жүзінде жоғалып кетті. Әлия Назарбаеваның отбасымен БАӘ-ге кетіп, онда ұзақ уақыт тұрғаны белгілі болды.
Енді, Ulysmedia.kz сайтының хабарлауынша, ол Мәскеуде тұруды ұйғарған, бұл оның бизнес мүддесіне де, қауіпсіздік мәселесіне де қатысты болуы мүмкін. 14 желтоқсанда Путин өзінің Ново-Огарево резиденциясында Назарбаевпен кездесіп, кездесуде Назарбаеваның көшуі мен қауіпсіздік мәселесі талқыланған.
Ulysmedia.kz жаңалықтарды бақылауды жалғастырады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Назарбаев күтпеген жерден Путинмен кездескенін хабарлағанбыз. Кремльдің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта қос саясаткердің қандай мақсатпен кездесіп, не жайлы талқылағаны айтылмады.
ДУБАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
Азаттық жүргізген "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінің соңғы бөлімі жарияланған. Бұған дейін Араб Әмірліктерінен үй алған мұнай саласы топ-менеджерлері, полковниктер мен генералдар, министрлер мен әкімдер туралы айтылса, бұл жолы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің активтері көрсетілген.