Атыраулық әйел 12 жыл бойы күйеуінен зәбір көргенін, тұрмыстық зорлық құрбаны екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, күйеуі жергілікті мәслихат депутаты - Айбар Ерекешов. Депутаттың өзі бұрынғы әйелінің айыптауларына қатысты жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘЙЕЛІНІҢ АЙЫПТАУЫ
Нұржамал Тажғалиева – Атырау облыстық мәслихатының депутаты Айбар Ерекешовтің бұрынғы әйелі, төрт баланың анасы. Оның айтуынша, әйел адам 12 жыл бойы күйеуінен зәбір көрген және жылдар бойы соққы жеп жүрген. Әсіресе 2018, 2023 жылдары Нұржамал баласы әлі емізулі болған кезінде күйеуінен “таяқ жеген” екен.
- 2018 жылы бала емізіп отырған кезімде басымды телефонмен жарып жібергенінде екі рет полицияға арыздандым. Мені үстімдегі көгерген жерлер көрінбейтіндей ұратын. Бірақ өзі және ата-анасы айтқаннан кейін полицияға жазған арызымды қайтарып алатынмын. Балалар үшін түзелемін дейтін. 2023 жылы Атырау облысының мәслихат депутаттығына сайланамын деп арызды қайтадан қайтартып алды. Барлық арызым сақталған, дейді Нұржамал.
Оның сөзінше, депутат әйелімен бірге тұрған тұсында жұмыс істемеген, табыс таппаған көрінеді.
Ажырасқаннан кейін де күйеуім ешқандай материалдық көмек көрсеткен жоқ және қазіргі уақытта жеке сот орындаушысының қаулысына сәйкес 5 989 670 теңге көлемінде алименттік қарызы бар, оны төлейтін ойы да жоқ, дейді Тажғалиева.
Осыған байланысты депутаттың бұрынғы әйелі бірнеше талап қойды.
- Мен мынаны мәлімдеймін: 12 жыл некеде болған кезде Ерекешов Айбар тарапынан маған бірнеше рет әртүрлі ауырлықтағы дене жарақаттарын салу, ұрып-соғу және қорлау фактілері болды. Облыстық мәслихат депутаты Ерекешов жеке сот орындаушысының қаулысына сәйкес кәмелетке толмаған балаларын, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі баланы асырау үшін 6 млн теңге көлемінде алимент қарызын төлемеген. Мәслихат депутаты Ерекешовтің атына тіркелген атыс қаруы бар, ол бұл үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бұл жағдай менің және балаларымның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Облыстық мәслихат депутаты Ерекешов мен өз қаражатыммен сатып алған, бірақ оның бір тиын да салмаған пәтерлерге негізсіз иелік етпек, дейді депутаттың бұрынғы әйелі.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Бұрынғы әйелінің айыптауларына қатысты Айбар Ерекешов әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, жауап берді. Оның сөзінше, экс-әйелі жалға нмәлімдеме жасап, жала жауып отыр.
- Мен Нұржамалмен ресми түрде 2023 жылы ажырасып кеттім. Иә, 2018 жылы басынан жарақат алған болатын, бірден ауруханаға барды. Бірақ оқиға қалай болғанын нақтылап айту керек. Ол үйге мас күйде келіп, құлап түсті. Артынша жол апатына түсіп, басынан жарақат алды. Ол кезде бірге тұрмайтынбыз, деп ақталды мәслихат депутаты.
Сонымен қатар, депутат әйелін ешқашан ұрмадым деп мәлімдеді.
- Оған ешқашан қол көтерген емеспін. Бір жағдай ғана болған, оны басқаша жеткізген, ол кезде қызым екеуін ажыратпақ болғанмын, дейді Ерекешов.
Мәслихат депутатының сөзінше, ол әйелімен Нұржамалдың бастамасы бойынша ажырасқан.
- Ол Еуропадан келгеннен кейін, ажырастық. Ол емізулі баланы қалдырып кетіп, Еуропада бір айдай жүрді. Оның талабы бойынша екі пәтер мен автокөлікті бердім. Алимент керек емес деп мәлімдеген өзі, дейді Айбар Ерекешов.
Алайда, мәслихат депутатының сөзінше, 2024 жылдың желтоқсанында жағдай өзгерген.
Ол ойланып, қайтадан алимент талап етті. Сот орындаушы есептеп, қаңтардан бастап төлей бастайтынымды айтты. Ешқашан өз міндетімнен қашқан емеспін, дейді Ерекешов.