Бір күн бұрын лауазымынан кеткен Ғұмар Серғазин жаңа қызметке тағайындалды

Ұлттық ядролық орталық

Ғұмар Серғазин бұған дейін Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары қызметінен босатылған еді. Енді ол Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының бас директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қызметсіз бір күн ғана жүрді

Ғұмар Серғазиннің Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының бас директоры болып тағайындалғаны 2 қазанда белгілі болды.

Осыдан бір күн бұрын, 1 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев оны Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары қызметінен босатқан. Серғазин бұл қызметті 2025 жылдың сәуірінен бері атқарып келген.

Жеке агенттік құрылмай тұрып, ол Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментін басқарған.

Ғұмар Серғазин бұған дейін қандай қызметтер атқарды?

Серғазин атом энергетикасы саласында көп жылдан бері еңбек етіп келеді. 2017-2023 жылдары Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары болды.

Әр жылдары ядролық және радиациялық қауіпсіздік, атом энергетикасын дамыту және ядролық қаруды таратпау мәселелерімен айналысты.

Сондай-ақ Серғазин Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы халықаралық ұйымдардағы өкілі және Қазақстан атынан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) ұлттық үйлестірушісі.