Шығыс Қазақстан облысында экологтардың тексеруінен кейін «Востокцветмет» ЖШС-не 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Заң бұзушылықтар Глубокое ауданындағы «Юбилейно-Снегирихинское» кен орнынан анықталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Прокуратура кәсіпорынның кен орнында жүргізілген жұмыстардың салдарын ұзақ уақыт бойы ретке келтірмегенін анықтады. Осыдан кейін ШҚО Экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесінде компания қоршаған ортаға шығарылатын шығарындылардың технологиялық нормативтерін асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл көлемі 100 млн теңгеден асты. Сонымен қатар «Востокцветметке» жер қойнауын пайдалану салдарынан келтірілген зардаптарды жою және табиғатты қорғау шараларының орындалуын бақылауды күшейту туралы нұсқама берілді.
Прокуратура кәсіпорынның экологиялық талаптарды сақтауын бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
Контекст
«Востокцветмет» ЖШС KAZ Minerals тобына кіреді. Компания Шығыс Қазақстанда мыс кені мен басқа да пайдалы қазбаларды өндіру және байытумен айналысады.
2026 жылғы мамырда кәсіпорынның Артемьевск шахтасында бір ай ішінде екі адам қаза тапқан. 30 мамырда тау-кен массасының опырылуы салдарынан жұмысшы көз жұмды. Қайғылы жағдайдан кейін учаскедегі жұмыс тоқтатылып, тергеу басталды.
9 мамырда осы шахтада шаң-тозаң желдету қызметінің механигі қаза тапқан. Жөндеу жұмыстары кезінде ол шамамен тоғыз метр биіктіктен құлап, алған жарақаттарынан көз жұмды.