Каспийде қаза тапқан 14 әскери қызметшінің ішіндегі жасы ең кішісі – Дастан Бегей 3 қыркүйекте небәрі 19-ға толған еді. Болашағынан зор үміт күттірген жігіт WhatsApp-тағы соңғы хабарламасында «Давайте, енді мен теңізге кеттім» деп жазған екен. Теңіз оны мәңгіге алып кетті. Артында қара жамылған отбасы, қабырғасы қайысқан қалың елі қалды.
Ulysmedia.kz Дастан Бегей жайлы желідегі ақпараттарды жинап, жас жігіттің қысқа ғана ғұмырынан сыр шертетін деректерді топтастырды.
«САРБАЗ БОЛАМЫН ДЕП АСЫҒЫП ЕДІҢ...»
Бегей Дастан Нұрболұлы – Жаңаөзен тумасы. Осы қаладан мерзімді әскери қызметке шақырылған. 29011 әскери бөлімінде аға матрос, аға атқыш қызметін атқарған.
Дастанның әскери қызметке жүрек қалауымен, зор ықыласпен барғанын туған інісі Батырдың қоштасу жазбасынан аңғаруға болады.
«Сарбаз боламын, елімнің алдындағы борышымды атқарамын деп асығып едің», – деп жазды қайғыдан қан жұртқан бауыр.
ҮЙДІҢ ҮШІНШІ БАЛАСЫ БОЛҒАН
Threads желісінде Дастан жайлы жазған kemellovvaaa_ есімді қолданушының сөзінше, ол отбасындағы үшінші бала болған. Жазба авторы оның екі ағасы, қарындасы және інісі барын жазған.
«Өз үйіңнің ғана емес, әулеттің ерке, пысық баласы едің», – делінген жазбада.
Осы бір сөйлем Дастанның отбасындағы орнын аңғартады. Ол шаңырақтағы көп баланың бірі ғана емес, бауырларының арасында өзіндік орны бар, туған-туыстың ықыласына бөленген бала болған.
фото: threads/@kemellovvaaa_
Туған інісі Батыр да ағасымен бірге өскен жылдарын еске алды.
«Бірге өстік, бірге ер жеттік, бір нанды бөліп, бірге күн кештік. Бірге күлдік, бірге жыладық», – деп жазды ол.
Ағайынды жігіттердің талай ортақ жоспары, бірге іске асырамыз деген асқақ армандары болған. Бірақ 24 қыркүйек оның бәрін сағымға айналдырды.
«ҚАНДАЙ КӨРІКТІ ЖІГІТ ЕДІ...»
Дастанның әлеуметтік желіде тараған фотоларын көрген жұрт оның сырт келбетіне ерекше назар аударған.
фото: threads/@kemellovvaaa_
«Жаным-ай, қандай көрікті жігіт еді», «Жап-жас жігіт екен», «Қандай әдемі бала болған», «Сондай әп-әсем жігіт» деген пікірлер көп жазылған.
Бір қолданушы оның «көзі жанып тұрғанын» атап өтіпті. Расында да, жас сарбаздың жанарынан өмірге кұштарлығын аңғармау мүмкін емес. Кеше ғана әскери киім киіп, ел алдындағы борышын өтеуге кеткен жігіттің соңғы фотосы – жұртты жаназасына жинаған шақырту қазағында қатталған өр бейнесі.
фото: threads/@kemellovvaaa_
КӨПШІЛІКТІ ЖЫЛАТҚАН ВИДЕО
Желіде тараған видеолардың бірінде Дастанның кішкентай жиенімен сөйлесіп отырғаны көрінеді. Қыз бала ағасына қарай ұмтылып, бетінен сүйеді. Дастан да бүлдіршінге ерекше мейіріммен күлімсірей қарайды.
Бір қарағанда, бұл – отбасы архивіндегі қарапайым ғана сәт. Бірақ қазір бұл кадрға мүлде басқа көзбен қарайсың.
видеодан скриншот
Видеоның астындағы пікірлердің бірінде қолданушы: «Қараудың өзі қандай ауыр...» деп жазған. Өйткені видеода теңіз де, әскери бөлім де, 24 қыркүйекті еске салатын титтей де белгі жоқ. Тек жақынына жылуын төккен қазақтың өрімдей баласы ғана бар.
«ДАВАЙТЕ, ЕНДІ МЕН ТЕҢІЗГЕ КЕТТІМ»
Дастанға қатысты әлеуметтік желідегі ең көп назар аударған детальдардың бірі – оның мессенджердегі соңғы хат алмасуда «Давайте, енді мен теңізге кеттім» деп жазғаны.
Қаралы оқиғадан кейін бұл сөйлем қаралы қауымның жанына қатты батқанымен, жас сарбаз оны еш қамсыз жазған еді.
Дастанның теңіз жағасында әскери киіммен түскен суреті де желіде тарады. Кейбір қолданушылар сол фотоға ерекше мән беріп, оны «тағдырдың белгісіндей» қабылдаған.
Әрине, мұндай пікірлер – адамдардың қайғы үстіндегі жеке сезімі. Бірақ суреттің өзі Дастанның соңғы күндерімен астасқан символға айналып кеткені байқалады. Бірнеше күн бұрын ғана теңіз жағасында әскери киіммен тұрған жігіттің енді сол теңіздің өзінде қаза тапқаны қаралы елге қалай ауыр тимесін?!
АЙБЫНДЫ ЖІГІТТІҢ «АЙБЫНЫ»
27 қыркүйекте президент жарлығымен Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Дастан Бегей Нұрболұлы әскери борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Жарлықта оның 29011 әскери бөлімінің аға матросы (аға атқышы) болғаны көрсетілген.
Енді 19 жастағы Дастанның аты енді мемлекеттік наградамен де қатар аталады. Бірақ оның отбасы үшін орден де, атақ та, қайырымды жандардың жинап берген жылуы да ұлдарының орнын толтыра алмайтыны өкінішті.
КАСПИЙДЕГІ ТРАГЕДИЯ
Еске салайық, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында өткен «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде болған. Жел күрт күшейіп, соның салдарынан бір топ әскери қызметшіні теңіз алып кетті.
Бастапқыда Қорғаныс министрлігі теңізге 19 адам кеткенін хабарлаған. Кейін билік олардың саны 17 болғанын нақтылады. Оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты.
Маңғыстау облысының тұрғындары ауа райының қолайсыз болатыны алдын ала белгілі болғанын мәлімдеді.
Қайғылы оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау фактісі бойынша, екіншісі – кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактісі бойынша тергеліп жатыр.
14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты Қазақстан Қарулы күштерінің жоғары және аға басшылық құрамындағы бес өкілі ұсталды. Күдіктілердің қатарында Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы бар. Бұдан бөлек, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі ұсталған.
Сондай-ақ, халықтың талап етуінен кейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды.