Банкрот болам десеңіз: банк қарызынан құтылудың жаңа ережелері шығады

Сырым Қаржас

Парламент мәжілісінде "азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы" заңға өзгерістер енгізетін құжат жобасы қаралады. Оның мақсаты – банкроттық пен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасын тиімдірек ету болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

НЕГІЗГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Банкроттыққа өтініш берген кезде егер несие 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін алынса, міндетті қарызды өтеу тәртібінен өтудің қажеті жоқ. Бұл банк пен микрокредиттерге қатысты болып отыр.

ПРОЦЕДУРАЛАРҒА ИКЕМДІЛІК  

Борышкерлер себепсіз соттан тыс банкроттықты өз еркімен тоқтата алады. Алайда бұдан кейін банкроттық туралы өтінішті 6 айдан кейін ғана қайта қарауға болады.  

ҚАРЖЫ МЕНЕДЖЕРЛЕРІНІҢ ӨКІЛЕТТІГІ 

Енді қаржы менеджерлері сот банкроттығын тиімді жүргізіп, азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін көбірек мүмкіндіктерге ие болады.  

ҚАРЫЗДЫ ТОЛЫҚ ЕСЕПТЕН ШЫҒАРУ  

Соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін банкроттың қаржы ұйымдары алдындағы барлық міндеттемесі жойылады. Бұл туралы мәліметтер несиелік бюроларға берілмеген несиелерге де қатысты.  

Жаңа түзетулерді 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында енгізу жоспарланған.

Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, 2024 жылы 11,5 мыңнан астам қазақстандық банкрот деп танылған. Олар 97 млрд теңгеден астам қарызды өтеуден босатылған.