Human Rights Watch ұйымы блогер Темірлан Еңсебекке тағылған айыптарды алып тастап, оны босатуға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТАЛАП
Human Rights Watch (HRW) Қазақстан билігінен Темірлан Еңсебекке тағылған айыптарды алып тастап, оны қамаудан босатуды талап етті.
Құқық қорғаушылар бұл қылмыстық қудалауды шектен тыс деп санайды. Олардың пікірінше, блогер жариялаған жазбаларда зорлық-зомбылыққа немесе кемсітушілікке ашық шақыру болмаған. Ал, Қылмыстық кодекстің 174-бабын («араздықты қоздыру») сөз бостандығын шектеу үшін пайдаланып отыр. Human Rights Watch бұл Еңсебектің бірінші рет қудалануы еместігін еске салды: 2021 жылы оған жалған ақпарат таратты деген айып тағылып, кейінірек іс жабылған еді.
- Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ, тек билік тарапынан қылмыстық құқықты асыра пайдалану бар. Қазақстан билігі Еңсебекке тағылған негізсіз және шектен тыс қылмыстық «арандатушылық» айыпты тез арада алып тастап, оны сотқа дейін қамаудан босатуы қажет, – деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттманн.
Human Rights Watch Қазақстан билігін сөз бостандығын сақтау және блогерге қарсы қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырады.
ТЕМІРЛАН ЕҢСЕБЕК НЕ ҮШІН ҰСТАЛДЫ
QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған «ұлтаралық алауыздық қоздырды» деген айып тағып отыр. Полиция қылмыстық істің себебі – ұлтаралық араздықты қоздыру және этностардың бірінің өкілдерін қорлау белгілері бар материалды жариялау болған. «Йоу, орыстар» әнін Еңсебек паблигіндегі бір постқа пайдаланғаны хабарланады.
Еңсебек күдікті деп танылған баптың санкциясында айыппұл, бостандығын шектеу немесе екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Еңсебектің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, оның қорғауындағы сатиралық паблик авторына қарсы іс қозғап, тергеу бастауға әлеуметтік желіні бақылайтын полиция қызметкерінің рапорты негіз болған.
Темірлан Еңсебек ұсталғалы оны қолдап, бірнеше адам «Сатира – қылмыс емес» деген жазумен пикетке шыққан. Оның кейбірі 10, кейбірі 15 тәулікке қамаласа, кейбіріне айыппұл салынды. Заңгер Сергей Уткин «жалғыз пикетке шықсаң да әкімдікке алдын ала хабарлама жіберу керек, сондықтан белсенділерді әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша – бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін деп ұстап әкетіп жатыр» дейді.
Темірлан Еңсебекті бір емес, бірнеше азамат қолдап, жеке пикетке шыққан. Олардың кейбіріне айыппұл салынса, кейбірі әкімшілік қамауға алынды.