Ресей агенті қазақ белсендісін Украинадан ұрлап әкетпек болған

Сымбат Сатыбалдина

Қазақстандық белсенді Қуат Ахметовті Украинадан ұрлап әкетпек болған ресейлік агенттің жоспары іске аспай қалған. Бұл жайт "Досье" орталығы журналистерінің қолына түскен Ресей барлау қызметінің құпия құжаттарынан белгілі болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттыққа сілтеме жасап. 

Фото: facebook

"ДОСЬЕ" ДЕРЕКТЕРІ

“Украинада тұратын қазақ ұлтшылы Қуат Ахметовті ұстау бойынша арнайы операция жоспарланды. Ол үшін алдымен Украина ішкі істер министрлігіндегі агенттер арқылы оның байланыс деректерін алып, ұялы байланыс трекингін сұраттым. Дегенмен, Қуат Ахметов өзін аңдып жүргенін біреулерден естіп қалған сияқты. Оның қайда екенін таптым дегенде, ол Түркияға қашып кеткен болатын. Артында ешқандай із қалдырмаған, ешқандай сауда жасамаған, ықтиярхат алмаған. Оның әрекетін Қазақстанның арнаулы қызметі басқарып отыр деуге толық негіз бар” делінген досье деректерінде.

Шытырман оқиғаға толы шығармаға ұқсайтын бұл жазба – Ресей барлау қызметінің агенті Виктор Васильевтің Мәскеудегі кураторы, Ресей Бас барлау басқармасында (ГРУ) қызмет ететін полковник Денис Смоляниновке жазған рапорты дейді "Досье" орталығының зерттеуші-журналистері. Ресейлік оппозиционер Михаил Ходорковский негізін қалаған бұл орталық Ресей билігінің елдегі және шетелдегі жемқорлық деректерін, адам құқығына қарсы іс-әрекеттерін әшкерелеумен айналысады. Өткен жылдың желтоқсанында "Досье" журналистері Ресей Бас барлау басқармасының құпия құжаттарын қолға түсіргенін хабарлаған болатын.

Екі беттен тұратын рапортында Васильев 2022 жылы ақпанда Украинада екі апта болып, Ахметовті ұрлап әкету операциясын жоспарлағанын, бірақ ол іске аспағанын баяндап, "Қуат Ахметовті Қазақстанның арнаулы қызметі бақылап отыр" деген тұжырым жасайды. Сапарының соңында ол Украинаның арнаулы қызметінің ізіне түскенін сезіп, алдымен Одессаға барған, кейін Молдоваға өтіп кеткен деп жазды "Досье".

"Тіл майданы" қозғалысының жетекшісі, белсенді Қуат Ахметов Ресей арнаулы қызметіне не үшін қажет болды? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ.

ҚУАТ АХМЕТОВ КІМ?

2021 жыл. Дүкен сатушысына "Қазақстанда тұрып жатырсың. Қазақша сөйлеуге, түсінуге міндеттісің!" деп талап айтып, смартфонына түсіріп тұрған адам – Қуат Ахметов. Дүкен қызметкері оған "Ешкімге ештеңе міндетті емеспін. Қазақстанда екі [мемлекеттік] тіл бар. Сіз орысша сөйлеп, мені жақсы түсініп тұрсыз ғой", – деп Қуат Ахметовтің әрекетін сынады.

Тағы бір рет Ахметов супермаркет қызметкерлерімен жанжалдасып қалған болатын. Ол "дүкен сөресіндегі тауардың атауы неге мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жазылмаған?" деп сұрады. Дүкен қызметкері "Қазақстанда екі тіл бар. Орыс тілін Конституциядан әлі ешкім алып тастаған жоқ" деп Ахметовтің орысша сөйлеуін талап етті.

Қуат Ахметов Қазақстанда түрлі мекеме-ұйым, сауда орындарындағы қызметкерлердің қазақша сөйлеуін талап ететін тіл белсендісі ретінде танылды. Мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейтін жерге полиция шақыртып, кейбірінен ашық түрде кешірім сұратып, бірінің "қазақша үйренемін" деген уәдесін алды. Ал кейбірі қазақша сөйлеуге ашық қарсылық білдірді.

Ол өз іс-әрекеттерін видеоға түсіріп, 2021 жылдың наурыз айынан бастап YouTube-тегі "Til Maydani онлайн партиясы" деп аталатын арнасына жариялап жүрді. Дегенмен, бұл белсенділік Қазақстанмен көршілес Ресейдегі кремльшіл ақпарат құралдары мен билік өкілдерінің назарын аударды. Олар Қуат Ахметовтің әрекетін "русофобия", "фашистік қылық" деп атап, "орыстар мен орысша сөйлейтіндерді жек көру көрінісі" деп бағалады.

АХМЕТОВ “ДОСЬЕ” ДЕРЕКТЕРІ ТУРАЛЫ НЕ ДЕДІ

“Азаттық” Қуат Ахметовке "Досье" орталығы жария еткен Виктор Васильевтің ресейлік барлау қызметіне жазған рапортына байланыс сұрақ қойды. Ол Киевтен Түркияға кетіп қалғанын растады, бірақ Қазақстанның арнаулы қызметі көмектесті деген сөзді жоққа шығарды. Ахметов Киевте украин белсендісі Пан Васильдің үйінде тұрғанын, Украинада визасыз жүруге болатын үш ай мерзім біткен соң Түркияға өтіп кеткенін айтты.

– "Досье" видеосын былтыр достарым жіберген. Олар мені іздеп Украинаға келіпті. Бірақ мен Түркияға кетіп үлгердім. Ресей билігінің мені ұрлағысы келгендегі көздегені – Қазақстандағы ұлтшылдардың сағын сындыру. Бұрын еститінмін, ондай кезде адамға психотроптық екпе салып, кешірім сұратады, "бұған дейін істегендерім әлдекімнің тапсырысы болды, сол үшін маған ақша төледі" деп айтқызады дегенді. Сөйтіп қазақтардың рухын сындырғысы келеді, – деді Ахметов.