Қаңтар оқиғасы: екі адамды өлтірді деп айыпталған әскери небәрі 7 жылға сотталды

Аян Өрібай

Алматы гарнизонының әскери соты Қаңтар оқиғасы кезінде археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановты автоматтан арқасына атқан Ұлттық Ұланның 5571-бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Айтжан Әубәкіровке үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Судья Айдар Секенов оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. 

Сот екі азаматтың өлімінен кейін үш жылдай уақыт өткенде, 2024 жылдың желтоқсан айында басталған. 

Сотталушы – 42 жастағы әскери қызметші Айтжан Әубәкіров. Оған билікті асыра пайдаланды деген айып тағылған. 2024 жылдың ақпан айына дейін қылмыс "Кісі өлтіру" бабымен сараланған.

ЖАҒЫПАРОВТЫҢ ӨЛІМІ

Ерлан Жағыпаровтың туыстары ол 2022 жылғы 6 қаңтарда жоғалып кеткенін, кейін мәйітханадан “жантүршігерлік соққы белгілерімен” табылғанын айтқан.

Адвокат Сауле Кобжанованың айтуынша, Жағыпаровты Алматыдағы Республика алаңында автоматпен атып өлтірген. Қайғылы оқиға кезінде оның қолында кісен болған. Қорғаушының сөзінше, әскери қызметкерлер оны қылмыскер деп ойлап, оқ атқан. Алайда Жағыпаровтың қолында ешқандай қару болмаған және ол наразылық болып жатқан жерден кетуге тырысқан.

Айтжан Әубәкіров 2021 жылдың тамызында, яғни қаңтар оқиғасына бірнеше ай қалғанда, 5571 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі командирінің орынбасары болып тағайындалған.

Ерлан Жағыпаров – Алматы қаласынан шыққан әуесқой археолог болған. Ол 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамның бірі.