АҚШ Ресей активтерін тәркілеу тобын таратып жіберді

Сырым Қаржас

АҚШ әділет министрлігі елдің экс-президенті Джо Байденнің әкімшілігі құрған KleptoCapture жедел тобының қызметін тоқтатады. Ол ұйым ауқатты ресейлік кәсіпкерлердің активтерін анықтап, тәркілеумен айналысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Бұл жөнінде Bloomberg АҚШ бас прокуроры Пам Бондиге сілтеме жасап хабарлады.

АҚШ әділет министрлігінің ақшаны жылыстатуға қарсы бөлімшесінің басымдығы Бонди кезінде картельдермен және трансшекаралық қылмыспен күресуге бағытталады, деп жазады DW. 

Шетелдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қылмыстық бөлімнің бөлімшесі (the criminal Division' s Foreign Corrupt Practices Act Unit) шетелдік шенеуніктердің пара алуына, картельдер мен трансұлттық қылмыстық ұйымдардың қылмыстық операцияларына ықпал ететін тергеулерге басымдық береді. Онымен байланысы жоқ істерге назар аударуды тоқтатады. Мұндай істердің мысалдарына шетелдік шенеуніктердің адам контрабандасына, есірткі мен атыс қаруының заңсыз айналымына көмектесу үшін пара алуына байланысты жағдайлар жатады, - делінген ішкі құжатта.

Kleptocapture тобы АҚШ-та 2022 жылы жұмыс істей бастады. Оған АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Германия, Франция, Италия қаржы, әділет және ішкі істер министрліктерінің, сондай-ақ Еурокомиссияның өкілдері кірді. Осы топ тәркілеген ресейлік олигархтардың активтерін АҚШ билігі Украинаны қолдауға бағыттады.