Әзербайжан кәсіпкері Алматыдағы екі бөлмелі бес пәтерді қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына тапсырды. Тұрғын үй жиһазбен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған.
Сонымен қатар, Юсифов Қазақстанға Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментіне, қалалық ауруханаға және жедел жәрдем станциясына үш көлік тарту етті. Маңғыстау әкімі Нұрдәулет Қилыбай кәсіпкерге қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, бұл қолдау Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы берік достықтың кезекті символына айналғанын атап өтті.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
25 желтоқсанда апатқа ұшыраған әуе кемесінің қара жәшігі табылды. Ал 26 желтоқсанда Маңғыстау облысының көліктегі прокуроры Абылайбек Ордабаев ұшақ құлаған жерден тағы бір «қара жәшік» табылғанын айтты.