Көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл: ІІМ ақыры заңды өзгерткелі жатыр

Аян Өрібай

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салатын заң нормасы өзгеретінін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ

Министр депутаттарға берген жауабында жол жүрісі қағидаларына сәйкес, егер тұрғындарға қолайсыздық келтіретін болса, елдімекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тоқтап тұруына тыйым салынады. Осыған ұқсас талап жол жүру ережесінде де бар.

Тоқтап тұру – көлік құралының жүрісін жолаушыларды отырғызуға немесе түсіруге не көлік құралын тиеуге немесе түсіруге байланысты емес себептер бойынша бес минуттан асатын уақытқа әдейі тоқтату. Егер көлік құралы жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен бес минуттан артық тұрса және бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса әкімшілік кодексте көзделген құқық бұзушылықтың құрамы қаралады, – дейді Сәденов.

Сонымен қатар министр ішкі істер органдары азаматтарға осы бұзушылық үшін жаппай айыппұл салуды мақсат етіп қоймайтынын еске салады. Аталған бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары келіп түскен кезде және бұзушылық туралы дәлелдер болған кезде ғана қозғалатынын атап өтеді.

Қазір ІІМ жол қозғалысы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енгізу мәселесін қарауда, – дейді Сәденов.

ХАЛЫҚТЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Бұл норма бірнеше жылдан бері қазақстандықтардың ашуын туғызып жүр. Олардың айтуынша, әсіресе Астана қаласында қыста көлікті жылытуға көбірек уақыт қажет. Сенатор Қожаевтың айтуынша, бұл бұрыннан қолданыста бар норма және ол экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Ал мәжіліс депутаттар ішкі істер министрі Ержан Саденовке сауал жолдап, жол ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдарды қайта қарау керектігін айтқан еді.