«2014 жылғы шекараға қайту мүмкін емес»: Пентагон басшысы Украина туралы

Ілияс Бақыт

АҚШ билігінің ауысуынан кейін Пентагонның жаңа басшысы Пит Хегсет алғаш рет Еуропаға келді. Ол Украинаға көмек көрсету жөніндегі топтың отырысын өткізіп, бірқатар қатаң мәлімдемелер жасады. Оның айтуынша, Украина дипломатиялық жолмен НАТО-ға кіре алмайды, елдің 2014 жылғы шекарасына қайтуы да шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар, АҚШ өз назарын еуропалық қауіпсіздіктен басқа өңірлерге аударуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC қызметіне сілтеме жасап.

Ашық дереккөзден

Бұл апта Украина үшін шешуші болуы мүмкін. Пит Хегсет Еуропаға алғаш рет Пентагон басшысы ретінде келіп, ең алдымен Брюссельде НАТО штаб-пәтерінде өткен «Рамштайн» форматындағы байланыс тобының отырысына қатысты. Бұл топ 2022 жылдың көктемінде АҚШ бастамасымен құрылып, Киевке әскери көмек көрсету жөніндегі маңызды шешімдерді қабылдаған.

Отырыста сөз алған Хегсет АҚШ-тың Украинаға қатысты нақты ұстанымын білдірді:

"АҚШ Украина үшін НАТО-ға мүшелікке өту дипломатиялық шешімнің шынайы нұсқасы емес деп есептейді" – деді ол.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский НАТО-ға толыққанды мүшелік елінің қауіпсіздігі үшін жалғыз кепілдік деп мәлімдеген еді. Алайда альянс Украинаны мүшелікке шақаруға асықпаған, ал АҚШ-тың жаңа ұстанымы бұл мүмкіндікті одан әрі алыстатып отыр.

Хегсет Украина үшін тағы бір қиын шындықты айтты. Оның пікірінше, елдің 2014 жылғы шекарасына қайтуы "мүмкін емес мақсат":

"Біз де Украина тәуелсіз әрі гүлденген ел болғанын қалаймыз. Бірақ 2014 жылғы шекараға қайту туралы ойлау – иллюзия. Бұл тек қана соғыстың созылуына әкеледі" – деді Пентагон басшысы.

Хегсет соғысты тоқтату үшін "одақтастардың күшін" "реалистік көзқараспен" біріктіру керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатып, Ресей мен Украинаны келіссөздер үстеліне отырғызуды басты мақсат ретінде қойған.

Пентагон басшысы Украинаға америкалық бітімгерлік күштерін жіберу мүмкіндігін де жоққа шығарды:

"Қандай да бір қауіпсіздік кепілдіктері аясында америкалық әскер Украинаға кірмейді" – деді Хегсет.

Ол қауіпсіздік кепілдіктерін "еуропалық және еуропалық емес күштер" қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, егер Украинаға бітімгерлік күштері орналастырылатын болса, бұл НАТО миссиясы немесе альянстың 5-бабының аясында болмауы керек.

Сонымен қатар, Хегсет НАТО-ның еуропалық мүшелері болашақта Киевке көмек көрсетудің негізгі жүгін көтеруі керек екенін айтты. Оның айтуынша, Вашингтон "одақтастармен тепе-тең емес қарым-қатынасты" бұдан әрі қабылдай алмайды.

"Еуропалық қауіпсіздік үшін жауапкершілік ең алдымен НАТО-ның еуропалық мүшелеріне жүктелуі тиіс. Болашақта Украинаға өлімге әкелетін және өлімге әкелмейтін әскери көмекті негізінен Еуропа көрсетуі керек" – деді ол.

Алайда, Украина президенті Зеленский АҚШ-сыз қауіпсіздік кепілдіктерін алу мүмкін емес деп санайды. Оның айтуынша, америкалық Patriot жүйесі еуропалық әуе қорғаныс жүйелеріне қарағанда әлдеқайда тиімді.

"Рамштайн" отырысынан кейін 13 ақпанда Брюссельде НАТО-ға мүше елдердің қорғаныс министрлерінің кездесуі өтеді.

14 ақпанда Мюнхенде жыл сайынғы қауіпсіздік конференциясы басталады. Оған Владимир Зеленский де қатысады, ал АҚШ делегациясын вице-президент Джей Ди Вэнс басқарады. Сонымен қатар, Мюнхенге Трамптың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог келеді. Bloomberg мәліметінше, ол еуропалық әріптестердің пікірлерін тыңдап, Трампқа дипломатиялық шешімнің параметрлерін ұсынуды жоспарлап отыр.