Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бетінен пышақталған баланың қазіргі жай-күйін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бала №2 көпсалалы балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер қан кетуді тоқтату үшін тамырларды байлау (лигирование) операциясын сәтті өткізді.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақты, орташа ауырлық дәрежесінде. Десе де, бала белсенді. Бұл бала оңалып келе жатыр деген сөз.
Дәрігерлер оның денсаулығын үнемі бақылауда ұстап отыр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, жантүршігерлік жайт 11 ақпанда болған. Жәбірленуші бала небәрі 5 жаста.
Лифт ішінде пышақпен балаға шабуыл жасаған адам – психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім екені анықталды.
Оның заңды өкілдері полицияға шақырылды. Полиция департаментінің мәліметінше, олар «баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылады».
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.