Украина Ресеймен кезекті алмасу барысында 757 қаза тапқан сарбаздың денесін қайтарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Штабтың мәліметінше, қайтарылған мүрделер Курахово, Покровск, Бахмут, Угледар, Луганск және Запорожье бағыттарында қаза тапқан украин сарбаздарына тиесілі. Сонымен қатар, Ресейдің мәйітханаларында болған мүрделер де Украинаға қайтарылды.
"Құқық қорғау органдарының тергеушілері мен ІІМ сарапшылары қаза тапқандардың жеке басын мүмкіндігінше қысқа мерзімде анықтайды", – делінген штабтың хабарламасында.
Өз кезегінде, Ресей Украинадағы соғыс кезінде қаза тапқан 45 сарбаздың денесін алды. Бұл туралы Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, парламенттік үйлестіру тобының өкілі Шамсаил Саралиев мәлімдеді.
Сарапшылардың айтуынша, мүрделер санының мұншалықты айырмашылығы Ресей армиясының белсенді шабуылы кезінде қаза тапқан сарбаздардың басым бөлігі Ресей бақылауындағы аумақта қалып қоятынымен түсіндіріледі.
Алдыңғы мүрделер алмасуы 24 қаңтарда болған. Сол кезде Украинаға тағы да 757 сарбаздың денесі қайтарылып, Ресей 49 мүрдені алған болатын.
Ресей мен Украина Ресейдің басқыншылық соғысы басталғалы бері қаза тапқан әскерилердің мүрделерін үнемі алмастырып келеді. Бұл үдерісте делдал ретінде Халықаралық Қызыл Крест комитеті (МККК) қызмет атқарады.