Украина тарапы Путиннің мәлімдемесін жоққа шығарды

Ілияс Бақыт

Украиналық ресми өкілдер Ресей президенті Владимир Путиннің Курск облысы арқылы Украина аумағына әскер кіргізгені туралы мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz DW агенттігіне сілтеме жасап. 

Ашық дереккөзден

РЕСЕЙ ӘСКЕРІНІҢ ШАБУЫЛЫ 

19 ақпанда AFP агенттігіне берген сұхбатында Украина үкіметінің жанындағы жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығының жетекшісі Андрей Коваленко Путиннің айтқан мәліметтері шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Курск облысынан Украинаға енуге тырысқан ресейлік диверсиялық-барлау тобы  сәтсіздікке ұшырап, жойылған.

ПУТИННІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ 

Бұған дейін Путин ресейлік әскерилердің Курск арқылы Украинаға кіргенін айтқан еді. Оның сөзіне қарағанда, 810-бригадасы Украина шекарасын кесіп өтіп, "қарсылас аумағына" енген. Сондай-ақ, кремльдік әскери тілші Юрий Подоляка Ресей әскерінің Свердликово жақтан Новенькое және одан әрі Басовка бағытында алға жылжып жатқанын жазды.

УКРАИНА ТАРАПЫНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Украина Қарулы Күштерінің Бас штабы да Путиннің мәлімдемесін жоққа шығарып, Курск бағытында Украина әскерінің басқыншылардың үш шабуылын тойтарғанын хабарлады. Бас штабтың мәліметінше, қазіргі таңда 12 ұрыс қақтығысы тіркелген.

Украина Қорғаныс министрлігі мен ҚК Бас қолбасшысы Александр Сырскийдің ресми түсініктемелері жарияланған жоқ.

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ҰСЫНЫСЫ ЖӘНЕ КРЕМЛЬДІҢ ЖАУАБЫ

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге жаулап алынған аумақтарды алмастыру туралы келісім жасауды ұсынған болатын. Алайда Кремль бұл ұсынысты қабылдамай, Курск облысын әскери жолмен қайтарып алатынын мәлімдеді. Украиналық күштер бұл аймақта 2024 жылдың тамыз айынан бері орналасқан.