Испания соты Испания футбол федерациясының бұрынғы басшысы Луис Рубиалесті 2023 жылғы Әлем чемпионатында футболшы Дженни Эрмосоны сүйгені үшін сексуалдық зорлық көрсеткені бойынша кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПРОКУРОРЛАРДЫҢ ТАЛАБЫ ЖӘНЕ СОТ ҮКІМІ
Прокурорлар Луис Рубиалесті екі жарым жылға бас бостандығынан айыруды (бір жылы – сексуалдық зорлық үшін, бір жарым жылы – қысым көрсеткені үшін) талап еткен. Алайда сот экс-президентті 10 мың еуродан астам айыппұл төлеуге міндеттеді. Сонымен қатар, оған Эрмосоға 200 метрден жақындауға және онымен бір жыл бойы байланысуға тыйым салынды.
РУБИАЛЕСТІҢ ҚОРҒАНЫСЫ
Сотта Рубиалес футболшының сүйіске келісім бергеніне "абсолютті сенімді" болғанын мәлімдеді. Ол бұл әрекетін "эмоциялық ықылас белгісі" деп сипаттап, сүйістің сол сәтте "өздігінен болғанын" айтты.
ЭРМОСОНЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ
Футболшы Дженни Эрмосо сотта сөз сөйлеп, сүйіске келісім бермегенін қадап айтты.
ЖАНЖАЛДЫҢ ШЫҒУЫ ЖӘНЕ САЛДАРЫ
Оқиға 2023 жылы Австралияның Сидней қаласында әйелдер арасындағы Әлем чемпионатының марапаттау рәсімінде орын алды. Бұл жағдай үлкен жанжалға әкеліп, әлеуметтік желілерде #SeAcabó ("Бәрі бітті") қозғалысын тудырды. Бұл қозғалыс әлемдік әйелдер футболындағы тең құқықтарды талап етті.
РУБИАЛЕСТІҢ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТУІ ЖӘНЕ ФИФА ШЕШІМІ
2023 жылдың күзіне қарай Луис Рубиалес Испания футбол федерациясының президенті және УЕФА Атқару комитетінің вице-президенті қызметінен кетті. Сондай-ақ, Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) тәртіптік комитеті оны ұлттық және халықаралық деңгейде футболмен байланысты кез келген қызметтен үш жылға шеттетті.