ІІМ комитетінің экс-басшысы жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін сотталды

facebook.com/daniyar.meirkhan

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы Данияр Мейірхан жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу дерегі бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 6,4 миллион теңге айыппұл салды. Үкім жабық режимде шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот қандай жаза тағайындады?

19 қарашада Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Данияр Мейірханға қатысты үкім шығарды.

– Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 500 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу жазасына кесілді. Іс жабық режимде қаралды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, – деп хабарлады Ulysmedia.kz-ке Астана соты.

Аталған баптың санкциясы бойынша айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Контекст

Бұл оқиға 2026 жылғы сәуірде әлеуметтік желілерде Данияр Мейірханға қатысты қызметкерлердің шағымдары туралы ақпарат тарағаннан кейін жария болды. Жазба авторлары басшыны қызметкер әйелге тиісіп, лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды деп айыптаған. Сондай-ақ 20 бағынышты қызметкердің ұжымдық шағым түсіргені хабарланды.

Сол кезде ІІМ өтініштердің түскенін растады. Тексеру кезінде Мейірхан қызметінен уақытша шеттетілді.

Кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сталкинг дерегі бойынша қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады. Сонымен қатар ол жеке айыптау материалдары сотта қаралып жатқанын нақтылады.

Ulysmedia.kz редакциясы Мейірханның әлі де қызмет атқаратыны-атқармайтыны туралы сұрақпен ІІМ-ге хабарласқан. Материал жарияланған сәтте министрліктен жауап түспеген.

Сізге қызық болуы мүмкін