Трамп, Путин мен Си Қытайдағы кездесуден кейін «Бейбітшілік декларациясын» қабылдады

Кремль

Дональд Трамп, Си Цзиньпин және Владимир Путин Қытайдағы келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен «Бейбітшілік декларациясын» қабылдады. Құжат небәрі төрт тармақтан тұрады. Оның бірінде Ресей президентін тұтқындауға ордер берген Халықаралық қылмыстық соттың жұмысы сөз болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БҰҰ-ны реформалау және мұнай жеткізілімін арттыру

Декларация мәтінін Кремльдің баспасөз қызметі жариялады.

Дональд Трамп, Владимир Путин және Си Цзиньпин Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажет екенін мәлімдеді. Үш елдің басшыларының пікірінше, БҰҰ жаһандық сын-қатерлерге тиімдірек жауап беріп, өзінің басты міндеті – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісін атқаруы керек.

Екінші тармақ энергетика саласына арналған. АҚШ, Ресей және Қытай энергетикалық ресурстарды тұрақты жеткізудің маңызын растады. Сондай-ақ мұнай өнімдерін өндіру мен жеткізу көлемін арттыру жоспарын мәлімдеді.

Халықаралық қылмыстық сот туралы

Тағы бір тармақ халықаралық сот органдарының жұмысына қатысты. Үш елдің басшысы мемлекеттік лауазымды тұлғалардың иммунитетін сақтау қажеттігін атап өтті.

– Үш мемлекеттің басшысы мемлекеттердің келісім беру қағидаты мен мемлекеттік лауазымды тұлғалардың иммунитетін сақтау негізгі мәнге ие екенін атап өтті. Сондай-ақ Халықаралық қылмыстық сот пен осыған ұқсас басқа құрылымдар өз өкілетін асыра пайдаланбауы керек деген ортақ пікірге келді, – делінген декларацияда.

Бұл тармақ Халықаралық қылмыстық соттың Владимир Путинге қатысты шешімін еске түсіреді. 2023 жылғы наурызда сот украиналық балаларды заңсыз депортациялауға байланысты Ресей президентін тұтқындауға ордер берген.

Ядролық соғысқа жол бермеу

Құжаттың соңғы тармағы ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналған. АҚШ, Ресей және Қытай ядролық қатерді азайту жөніндегі диалогты жалғастыруға ниетті екенін растады.

– Үш мемлекеттің басшысы ядролық соғыста жеңімпаз болмайтынын және оған ешқашан жол бермеу керегін растады. Үш ел ядролық қатерді азайту және ядролық қарудың таралуына жол бермеу жөніндегі диалогты жалғастырады, – делінген құжатта.

19 қарашада Шэньчжэнь қаласында АТЭС саммиті аясында Дональд Трамп, Владимир Путин және Си Цзиньпиннің үшжақты кездесуі өтті. Жабық келіссөздер басталмай тұрып, көшбасшылар мәлімдеме жасады.

Сізге қызық болуы мүмкін