«Рэкетир 3» Қырғызстанда көрсетілмейді: бұған қырғыз авторитеті болған Қамшының қандай қатысы бар

Сымбат Сатыбалдина

Бүгін Қазақстанның "Рэкетир: жаңа кезең" фильмі Қырғызстан кинотеатрларының бәрінен алынып тасталғаны белгілі болды. Бұл жағдайға қатысты фильм режиссері Ақан Сатаев пен басты рөлдегі актер Саят Исембаев пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

МӘН-ЖАЙ

Қазақстандық фильм Қырғызстанда прокаттан алынып тасталғаны туралы қырғыз бұқаралық ақпарат құралдарына "Синематика" кинотеатрлар желісі хабарлаған. Компания ақшаны қайтару үшін азаматтар кинотеатрлар әкімшілігіне жүгінуі қажет екенін ескерткен. Kaktus.media басылымының хабарлауынша, туындыдан прокат куәлігі қайтарылып алынған. “Қырғыз тасмасы” мемлекеттік концерні мұндай шешімнің шыққанын кеше білген. 

САТАЕВ НЕ ДЕЙДІ 

Бұл жайтқа қатысты фильмнің режиссері пікір білдірді. Ол Қырғызстанда фильм прокаттан алынып тасталғанын растады. 

- Бұл жаңалықты естіп таңғалдық. Себебі фильм не үшін прокаттан алынып тасталғанын біз де білмейміз. Желіде тарап жатқан кейбір қауесеттер бізге де жетіп жатыр. Олардың бірінде біздің фильм бұзақылық, бандитизм, криминалды үгіттеп жатыр делінген. Бірақ бұл олай емес. Трилогияның бір ғана мақсаты бар, ол – бандитизм мен криминал тек қана тығырыққа тірейді дегенді жеткізгіміз келді, дейді Сатаев. 

ИСЕМБАЕВТЫҢ ПІКІРІ

Желіде бұрын осы фильмді түсірген кезде Қамшы Көлбаевтың ұлы Руслан кеңесші болды деген ақпарат тараған. Актер Саян Исенбаев (фильмнің басты рөліндегі) мұны жоққа шығарды. 

- Біздің фильмге Русланның еш қатысы жоқ екенін сеніммен айта аламын. Бізді қырғыз елінде дистрибьюторлық компания күтіп алды. Мен Қырғызстан билігінен бұл жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймын. Қырғызстандықтар біздің фильмді асыға күтті, фильм сеанстарын ашуды сұраймыз, дейді актер. 

КӨЛБАЕВ ДЕГЕН КІМ

Қамшы Көлбаев (Қамшыбек Асанбек) Қырғызстандағы қылмыс әлемінің беделді тұлғаларының бірі болған. Ол Ыстықкөл облысында дүниеге келген және “Коля-қырғыз” лақап атымен танымал. 2011 жылдың маусым айында АҚШ үкіметі оны халықаралық есірткі саудасының негізгі фигураларының бірі ретінде ресми түрде мойындады. 2023 жылдың 4 қазанында Бішкек қаласында Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) жүргізген арнайы операция барысында Қамшы Көлбаев қаза тапты. Операция кезінде ол қарулы қарсылық көрсеткендіктен, арнайы жасақ күштері оны атып өлтірді. 

Қамшы Көлбаевтың қылмыстық империясы ауқымды болғаны соншалық, оның активтері миллиард долларға бағаланған. Оның ішінде Қазақстанда да активтері болғаны туралы мәліметтер бар.  Қамшы Көлбаевтың өлімінен кейін Қырғызстан билігі ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күресті күшейтіп, оның сыбайластарын жаппай тұтқындау шараларын жүргізді. Бұл оқиға елдегі қылмыстық құрылымдарға қарсы күресте маңызды кезең ретінде бағаланды.