Ұлттық банктің баспасөз қызметінің мәліметінше Қазақстанда жеке тұлғалардың автонесиеге деген сұранысы артқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ИПОТЕКАЛЫҚ НЕСИЕЛЕРГЕ СҰРАНЫС ӨСТІ, ТҰТЫНУШЫЛЫҚ НЕСИЕЛЕРГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТӨМЕНДЕДІ
2024 жылдың IV тоқсанында елде ипотекалық несиелер мен автонесиеге сұраныс артты, ал тұтынушылық несиелерге сұраныс азайды.
Ипотекалық несиелерге сұраныстың артуы банктер мен құрылыс компаниялары арасындағы әріптестіктің жалғасуымен, сондай-ақ кейбір банктердің жаңа өнімдерді іске қосуымен байланысты. Дегенмен, кейбір қаржы ұйымдары кепілдік мүлік құнына қатысты талаптарын күшейтіп, ипотекалық несие портфелін ұлғайтпай отыр, бұл сұранысты тежеп тұр. Нәтижесінде, жалпы несие өтінімдерінің саны 5%-ға артып, 228 мыңға жетті.
ТҰТЫНУШЫЛЫҚ НЕСИЕЛЕРГЕ СҰРАНЫС АЗАЙДЫ
Тұтынушылық несиелерге сұраныстың азаюы сыйақы мөлшерлемелерінің көтерілуімен байланысты. Сонымен қатар, кейбір банктер кепілдік талаптарын күшейтіп, кепіл мүлкінің бағасын қайта қарастырды. Бұл факторлар тұтынушылық несие өтінімдерінің 16%-ға төмендеуіне әкеліп, олардың жалпы саны 40,8 мыңды құрады.
Сондай-ақ, 2024 жылдың III тоқсанында енгізілген реттеушілік өзгерістер салдарынан кепілсіз тұтынушылық несиелерге сұраныс біршама төмендеді. Өтінімдердің жалпы саны 20,2 млн-ды құрап, алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 2%-ға азайды.
АВТОНЕСИЕЛЕРГЕ СҰРАНЫС ӨСУДЕ
IV тоқсан қорытындысы бойынша автонесиелерге сұраныс тұрақты өсімді көрсетті. Банктердің пікірінше, бұл көбінесе автосалондардың маркетингтік акциялары мен олардың ішінара субсидиялаған арнайы ұсыныстарымен байланысты. Сонымен қатар, бұл сегментте несие берушілер санының артуы және ірі банктердің автонесиелеу бойынша цифрлық өнімдерін дамытуы оң әсерін тигізді. Нәтижесінде, несие өтінімдерінің саны 3%-ға артып, 1,2 млн-ға жетті, деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Ипотекалық несие өтінімдерін мақұлдау көрсеткіші 3%-ға төмендеді. Ал кепілсіз тұтынушылық несиелер мен автонесиелерді мақұлдау деңгейі өткен тоқсанмен салыстырғанда өзгерген жоқ және сәйкесінше 29% және 18% деңгейінде қалды. Кепілді несиелер бойынша мақұлдау көрсеткіші 5%-ға өсті.
НЕСИЕГЕ ДЕГЕН СҰРАНЫС ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?
Биылғы жылдың басында банктер автонесиелерге сұраныс артады деп күтуде. Ал ипотекалық және кепілмен берілетін тұтынушылық несиелерге сұраныс аздап төмендеуі мүмкін. Кепілсіз несиелерге сұраныс IV тоқсан деңгейінде сақталады деп болжануда.