Қазақ әдебиетінің классигі: Тоқаев жазушы Дулат Исабековтің отбасына көңіл айтты

Сырым Қаржас

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабекұлы Исабековтің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 

 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мемлекет басшысы көңіл айту жеделхатында Дулат Исабеков бүкіл өмірін қазақ әдебиетіне арнаған дарынды қаламгер, биік тұлға болғанын атап өтті.

ДӘЙЕКСӨЗ

Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді.

Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді.

Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген жеделхатта.

ТАРИХ

Естеріңізге сала кетейік, 22 ақпанға қараған түні 83 жасында белгілі қаламгер Дулат Исабеков дүние салды.

Дулат Исабеков 1942 жылы 20 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында дүниеге келген. Исабеков өз шығармаларында қазақ халқының өмірі мен тағдырын бейнелеп, оқырманға сарқылмас мол мұра қалдырып кетті.

2017 жылы автордың 75 жылдығына орай ағылшын тілінде екі жинағы басылып шықты. Олар: «Short Stories» атты шағын әңгімелері мен «Song of the Swans: Selection of Plays» атты пьесалар жинағы.

Лондонда өткен қазақ мәдениеті фестивалі аясында М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының өнерпаздары Дулат Исабековтің «Жаужүрек» спектаклін сахналады. «Аққу Жібек» пьесасын алғаш рет британдық театр әртістері ағылшын тілінде ойнады.

Дулат Исабеков – шығармалары Ұлыбританияның ұлттық кітапханасында сақталған жалғыз қазақстандық жазушы.