Коста-Рика үкіметі Вашингтонмен арадағы депортацияланған адамдарды уақытша орналастыру туралы келісім шеңберінде АҚШ-тан шығарылған мигранттардың алғашқы тобын қабылдады. Олардың ішінде қазақстандықтар да бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
ABS CBN басылымы жазғандай, депортация – АҚШ президенті Дональд Трамптың заңсыз көші-қонға қарсы бағытталған шараларының бірі және ол көпұлтты репатриация (азаматтардың елге оралуы) мәселесінде ынтымақтасатын елдерге рейстердің көбеюін қамтиды.
Таяуда жер аударылған мигранттардың соңғы легі Сан-Диего қаласынан Коста-Рика астанасы Сан-Хосе қаласына ұшақпен жеткізілді. Ары қарай олар Панама шекарасына жақын орналасқан мигранттар қонысына автобуспен аттанды.
Мигранттарға Коста-Рикада бір ай тұруға рұқсат етіледі, осы уақыт ішінде шенеуніктер олардың өз еліне ерікті түрде оралуын үйлестіреді.
Адамдар тобы – барлық отбасы мүшелері Өзбекстан, Қытай, Армения, Түркия, Ауғанстан, Ресей, Грузия, Вьетнам, Әзірбайжан, Иран, Иордания, Гана және Қазақстаннан шыққан. Соңғы келісім бойынша АҚШ-тан жер аударылған 200-ге жуық мигрант Коста-Рикаға жіберіледі, деп хабарлады президент Родриго Чавес, - деп жазады портал.