Белгілі баспагер Бақытжан Бұқарбай жазушы Дулат Исабековтың асында ыңғайсыз жағдайға куә болғанын жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БҰҚАРБАЙ НЕ ДЕЙДІ
Күні кеше жазушы Дулат Исабековтың жаназасы оқылып, асы өткен. Қаралы жиынға белгілі баспагер Бақытжан Бұқарбай да барып, көргенін жасырмай жазды.
Қаралы жиындарда зиялы санатына жатқызып жүрген ағаларымыз бен апаларымыздың өзін ұстауы мен сөйлеген сөзі кейде «Бұл қалай сонда?» деген еріксіз ойға қалдырады. Бүгін Дулат Исабековтің асында сөз алған Ханбибі Есенқарақызы марқұмның артында қалған балаларына көңіл айтудың орнына, өзінің мемлекеттік сыйлық ала алмай жүргенін алға тартты. Бұл сөзі тым әдепсіз көрінді. Мереке Құлкенов жағдайды жұмсартуға тырысып, «Ендігі рет аласыз» деп әзілге бұрғанымен, мұндай әңгіменің дәл осы жерде айтылғаны ұят болды, – дейді ол.
Баспагер ақын Ханбибі Есенқарақызының бұлай ренжитіндей жөні бар ма екен деп желідегі ақпаратты қарап шыққан. Сөйтсе Ханбибі ханымның алмаған марапаты жоқ екен дейді ол: «Парасат» пен «Барыс» ордендері, «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» атағы – бәрі бар. “Сонда осындай жиында тағы бір марапат жайлы сөз қозғау қаншалықты қажет еді?” деп сұрақ қояды ол.
Бұған дейін де осындай көріністер болған. Бір аста сөз алған Смағұл Елубай марқұм туралы бір жақсы естелік айтып немесе артында қалған ұрпағына жылы тілек білдірсе жарасар еді. Оның орнына, біраз уақытын қазіргі президентті мадақтауға арнады. Бұрынғы басшыны да дәл осылай дәріптеуші еді. Бұл өте жиіркенішті көрініс болды. Осы жазғаным аға буынға жетіп жатса, бір нәрсені ескеріңіздерші: аста біз сияқты жастар да отырады. Жәй ғана отырмай, жағасын ұстап, сіздер үшін испанша ұялып отырады, – дейді ол.
ЖАЗУШЫМЕН ҚОШТАСУ
23 ақпанда Алматыда қабырғалы қазақ халқы классик жазушы, белгілі драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салған еді. Марқұммен қоштасу рәсімі Қазақстан Жазушылар Одағы ғимаратында өтті. Қаралы жиынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин арнайы қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берген.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ҚАРА ЖАМЫЛҒАН КҮН
Қоштасу рәсіміне Дулат Исабековтің достары, үзеңгілестері, замандастары, танымал тұлғалар қатысып, марқұмның отбасына көңіл айтты. Жиылған көпшілік тебірентіп сөз сөйледі.
"Қазақ әдебиетін Дулат Исабековсіз елестету мүмкін емес. Ол қолынан қаламы түскенше тек қазақ әдебиетіне еңбек сіңірді. Біз өз ұлыларымызды ұлықтаған, қадірлеген халықпыз. Бүкіл Қазақстан қазір қара жамылып отыр, - деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Қаралды жиында марқұмның жақындарына премьер-министр О.Бектеновтің, Сенат төрағасы М.Әшімбаевтың, Мәжіліс төрағасы Е.Қошановтың және облыс әкімдерінің көңіл айту хаттары табысталды.
Айта кетейік, қазақ әдебиетінің қайталанбас өкілі, талантты жазушы, көрнекті драматург Дулат Исабеков биыл 21 ақпан күні түнде 82 жасында өмірден өтті.