Зеленский Украинаның тұтқындарды алмасуға дайын екенін айтты

Ілияс Бақыт

Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Мәскеудің соғысты аяқтауға шынайы дайын екендігін көрсететін белгі – Ресейде ұсталып отырған барлық украиналықтарды босату. Зеленскийдің мәлімдеуінше, Киев мұндай айырбасқа дайын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

РЕСЕЙДІҢ СОҒЫСТЫ АЯҚТАУҒА ДАЙЫНДЫҒЫНЫҢ БЕЛГІСІ

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей соғысты аяқтауға дайын екенін дәлелдеу үшін ең алдымен украиналық тұтқындарды босатуы керек деп есептейді.

"Ресей украиналықтарды босатуы тиіс. Украина "барлығын барлығына" айырбастауға дайын, бұл – әділетті шешім", – деді ол 24 ақпан күні Киевте өткен Украинаға қолдау көрсету жөніндегі халықаралық саммитте.

Бұл саммит Ресейдің Украинаға қарсы толыққанды басқыншылығы басталғанының үшінші жылдығына орай ұйымдастырылды.

Зеленскийдің айтуынша, соғысты аяқтау үдерісі

"Ресейге деген сенімділікті қалпына келтіретін қадамдардан басталуы тиіс, себебі қазір оларға деген сенім жоқ". "Қазіргі уақытта мұндай алғашқы қадам – тұтқындарды босату болуы мүмкін. Ресейде мыңдаған украиналықтар ұсталып отыр, олардың кейбіреуі 2022 жылдан ғана емес, 2014 жылдан бері қамауда", – деп қосты ол.

РЕСЕЙМЕН КЕЛІССӨЗДЕРГЕ УКРАИНА МЕН ЕУРОПА ҚАТЫСУЫ ТИІС

Украина президенті соғысты тоқтату бойынша келіссөздерге Украинаның қатысуы міндетті екенін атап өтті, өйткені бұл соғыс оған қарсы жүргізіліп отыр. Сонымен қатар, келіссөздерге еуропалық мемлекеттер де тартылуы тиіс.

"Ресейдің стратегиялық нысанасы – Еуропа және еуропалық өмір салты. Демек, Еуропаның қауіпсіздігі мен болашағы тек Еуропаның қатысуымен шешілуі тиіс", – деді Зеленский.

Оның пікірінше, келіссөздер үстелінде Украина, Еуропа және АҚШ Ресейге қарама-қарсы отыруы керек.

"Бізге бейбітшіліктің қажеттілігі туралы уәделер мен жалған келісімдерден гөрі нақты әрекеттер қажет", – деп мәлімдеді ол.

КИЕВКЕ ЕО БАСШЫЛАРЫ КЕЛДІ

Ресейдің Украинаға басып кіруінің үшінші жылдығына орай Киевке Еуропалық Одақ басшылары – Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен және Еуропалық Кеңес басшысы Антониу Кошта 20 еурокомиссармен бірге келді. Сонымен қатар, 13 елдің мемлекет және үкімет басшылары да Украинаға қолдау көрсетуге келді. Тағы 20-дан астам елдің көшбасшылары саммитке бейнебайланыс арқылы қатысты.

Поезд сапары кезінде Урсула фон дер Ляйен Еуропада қару-жарақ өндірісін кеңейту және қорғаныс қабілетін нығайтуға арналған кешенді жоспарды жақын арада ұсынатынын мәлімдеді. Бұл бастаманың игілігін Украина да көрмек. Бұдан бөлек, Украина мен ЕО-ның энергетикалық қауіпсіздігін күшейту бағытында қосымша қадамдар жасалатыны хабарланды.